Батыс Қазақстанда өзен жағасындағы ағаштар неліктен оталды

Фото: Видеодан алынған скрин

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Жайықтың саласы – Көшім өзені жағасындағы ағаштардың оталып тасталғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Тұрғындардың пайымдауынша, бұл экологиялық апатқа соқтырады. Шағанның Жайыққа құятын тұсында да осындай жағдай орын алған. Бұған экологтар да алаңдаушылық білдірді.
Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына арнайы сауал жолдады.

Басқарма мәліметіне қарағанда, ағаштар оталған жерлер орман алқаптарына жатпайды. Бұл жұмыстар Шаған өзені тармағы мен Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі магистралдық каналын механикаландырылған тазарту жобасына сәйкес жүргізілген. 

Жоба мақсаты — механикаландырылған тазарту арқылы Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Тасқала аудандарын қосқанда, Батыс Қазақстан облысының үлкен аумағындағы ауыл шаруашылығы өндірісі үшін су жеткізуді жақсарту. Су Жайық өзенінен Шаған тармағы, Көшім магистралдық каналы, су қоймалары мен арналары арқылы беріледі.

Жоба бойынша Шаған тармағын (48 км) және Көшім каналын (27 км) механикаландырылған тазарту, арнасын кеңейту және басқа жұмыстар көзделген.

Жобалық-сметалық құжаттама бойынша 2022 жылы 4 мамырда «Госэкспертиза» РМК-дан оң қорытынды алынған. 

Құрылыстың жалпы құны — 2 млрд 592,536 млн теңге. Жүзеге асыру мерзімі — 2023-2026 жылдар.

Тапсырыс беруші — ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2 млрд 299,9 млн теңгеге «Толағай-2050» ЖШС жүргізеді.

— Шаған тармағы мен Көшім каналы жағасында ондаған жылдар бойы бұталар мен ағаштар өздігінен өскен. Мұндай жағдайда механикаландырылған тазарту жұмыстарын тал-теректерді отамай жүргізу мүмкін емес. Бұл жоба бойынша қарастырылған. Жұмысқа кесел келтірмейтін ағаш пен бұталар кесілмейді. Қалған тал-теректер алдағы уақытта ағаш өсімдіктерінің тез қалпына келуіне септеседі, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда егілген миллиондаған ағаштың неге жерсінбей қурап кететінін жазған едік. 

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда карьерлер заңды пайдаланылып отыр ма, бұл да жазылды.