ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысы аумағында өзендерде мұз жару жұмыстары басталды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл іс-шаралар су айдындарында мұз кептелісіне жол бермеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Бүгін арнайы құрылған комиссияның қатысуымен Орал қаласында Шаған өзенінің екі учаскесінде 2 900 шаршы метрде мұз жарылды.
"Осындай жұмыстар облыс орталығына қоса Бөрлі, Бәйтерек, Казталов, Тасқала, Сырым, Шыңғырлау аудандарының 26 учаскесінде жүргізіліп, шамамен 8 наурызға дейін жалғасады. Мұз жару жұмыстарына облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлінген", - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су басу қаупі бар 147 елді мекен бақылауға алынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).