ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері автокөлігімен ер адамды қағып өлтірді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Орал қаласына қарасты Меловые горки ауданында болды.
Алдын ала мәлімет бойынша жол-көлік оқиғасы жолдың жарықтандырылмаған бөлігінде болған. Қарсы келе жатқан автокөліктің жарығы жүргізушінің көзін қарықтырып жіберген.
- Автокөлік рулінде полиция қызметкері болды. Медициналық куәландыру оның ішімдік ішпегенін көрсетті. Полиция қызметкері ішкі істер органынан қуылды. Қызметтік тексеру жүргізілуде. ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда колледж студентінің мәйіті табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).