Батыс Қазақстанда референдум күні 489 учаске жұмыс істейді

Фото: БҚО аумақтық референдум комиссиясы

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 503 референдум комиссиясы болса, соның 14-і – аумақтық комиссиялар. Мұнда 98 адам, соның ішінде 46-сы тұрақты негізде жұмыс істейді.

БҚО аумақтық референдум комиссиясынан мәлім еткеніндей, сондай-ақ 489 учаскелік референдум комиссиясы бар. Комиссия мүшелерінің саны – 3215.

Солардың ішінде 2905 адамның, яғни 90,3 пайызының үлкен электоралдық науқандарды өткізу тәжірибесі бар. Комиссия мүшелерін оқыту тұрақты түрде жүргізілді. 25 ақпаннан бастап облыстық аумақтық комиссияның мүшелері аудандар мен Орал қаласының учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін жергілікті жерлерге шығып оқытты. Учаскелік комиссия мүшелері каскадтық әдіспен үш кезеңде түгел оқытылды.

Аумақтық комиссиялардың құрамы мен учаскелердің шекаралары бұқаралық ақпарат құралдары мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды.

Фото: БҚО аумақтық референдум комиссиясы

Комиссия мәліметіне қарағанда, облыс аумағындағы 489 учаскенің 136-сы (27,8 пайызы) облыс орталығында орналасқан, жабық үлгідегі учаскелердің саны – 14 (соның ішінде біреуі әскери бөлімде, біреуі уақытша ұстау изоляторында және 12-сі емдеу мекемелерінде).

2025 жылы 8 жаңа сайлау учаскесі құрылып, сайлаушылар саны аз 15 сайлау учаскесі жабылды, 48 сайлау учаскесінің шекаралары өзгертілді. Бұл өзгерістер туралы азаматтарға уақытылы хабарланды.

Учаскелердің 243-і білім беру мекемелерінде, 181-і мәдениет, 33-і денсаулық сақтау, 17-і спорт нысандарында, үшеуі әлеуметтік мекемелерде және қалған 12-сі өзге нысандарда орналасқан.

Аудандардағы референдум учаскелерінің барлық орынжайлары талаптарға сай келеді, дауыс беру жәшіктерімен, ақпараттық материалдармен қамтылған.

Өңірде ҚР Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің төрағалығымен республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу мәселелері жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер өкілдерінің, аумақтық референдум комиссия төрағаларының қатысуымен өткен кеңесте жан-жақты талқыланды. Осындай кеңесті облыстық аумақтық референдум комиссиясы аудандар мен Орал қаласында өткізді.

Дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар 2 254 адам есепке алынған (кресло-арбаларды пайдаланатындар – 538, көруі бойынша мүгедектер – 1 266, естуі бойынша мүгедектігі бар - 450). Бұл санаттағы дауыс берушілерге жағдайлар жасалған, барлық учаскелері 1-қабатта орналасқан. Референдум учаскелері гео мәліметтерімен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің inva.gov.kz мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы ақпараттық порталына енгізілді. Дауыс беру күні Орал қаласы мен аудандарда инватакси қызметі ұйымдастырылатын болады. Облыс бойынша 78 автокөлік бар, соның 10-ы арнайы құралдармен жабдықталған.

Фото: БҚО аумақтық референдум комиссиясы

Облыстық, аудандық және Орал қалалық аумақтық референдум комиссиялары жанындағы мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс топтары учаскелердің қолжетімділігіне қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдерімен бірге мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша қосымша шаралар қабылданды.

Учаскелік референдум комиссиялары жергілікті атқарушы органдардан тізімдер алып, биылғы 22 ақпаннан бастап жұмыстарына кірісті. Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың саны – 446 391 адам. Күнтізбелік жоспарға сай дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтар хабардар етіледі, яғни шақыру қағаздары үлестіріліп, референдумға қатысуға шақырылды.

Дауыс беру күні қарсаңында барлық референдум учаскелерінде 11 наурыз күні бірыңғай «Ашық есік» күні өткізілді. Бұл күні учаске төрағалары азаматтарға референдум заңнамаларын қосымша түсіндіріп, кеңес беріп, дауыс беру ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді. Ақпараттандыру мақсатында облыста 14 колл-орталық ұйымдастырылған, Telegram-бот және ЖСН бойынша дауыс беру учаскесін іздеу қызметі іске қосылды. Қоғамдық орындарда ЛЭД-экрандарда бейнероликтер мен аудиороликтер таратылуда.

Облыстық референдум комиссиясының Facebook, Instagram және Telegram парақшаларында және облыстық «Жас сайлаушылар клубының» парақшасында референдум комиссиясының ресми сайтында республикалық референдум туралы ақпараттық материалдар, бейнероликтер мен аудиороликтер жариялануда. Науқанды ақпараттық сүйемелдеудің толқындарына сәйкес түскен модульдар, инфобаннерлер және инфрографикалар 2 облыстық, 12 аудандық, 3 қалалық газеттерде орналастырылды. «Жібек жолы», «Ақжайық», ТДК-42, «Қарашығанақ» телеарналарында референдумды әзірлеу және өткізу кезеңдері туралы бейнесюжеттер мен роликтер эфирге берілді. Батыс Қазақстан облыстық және «Ақсай» радиоарналарында тиісті ақпараттық контент тұрақты жарияланып тұрады. Аумақтық комиссияның ресми парақшаларында жарияланған референдум туралы материалдарға оқырмандардың ықыласы жоғары. Айталық, Фейсбук парақшасында жарияланған ақпараттық материалдармен жыл басынан бері 380 мың оқырман танысқан.

Тұрғындарға «Telegram», «WhatsApp» чаттары арқылы да хабарлау жұмысы ұйымдастырылмақ.

- Дауыс берушілері 1 мыңнан асатын 199 учаскеде онлайн сервис қызметі және облыс орталығының 5 учаскесінде азаматтарды тіркеу сервистері ұйымдастырылатын болады. Дауыс беру құқығын беретін 4464 дана есептен шығару куәлігі дайындалып, 27 ақпаннан бастап берілуде. Бүгінгі таңда аудандар мен Орал қаласында Орталық референдум комиссиясының ақпараттық баннерлерін орналастыру үшін 260 орын белгіленіп, барлығына референдум өтетіндігі жөнінде ақпараттар ілінді. Облыс бойынша жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын 23 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттелген, - деп хабарлады БҚО аумақтық референдум комиссиясы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда референдумда дауыс беру құқығы бар 450 мыңнан астам азамат бар екендігін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Орал қаласында референдум күні қоғамдық көліктер тегін жүретіні хабарланды.