Батыс Қазақстанда республикалық жол бөлігі неліктен жөнделмей қалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында тұрғындар наразылығын тудырып отырған жолдар баршылық. Соның бірі – республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы автожолының 17 шақырым бөлігі.
Ойқыл-шойқыл жолмен жүру мүмкін емес
Дәлірек айтқанда, Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылынан басталатын 17 шақырым жол бөлігі ешқандай сын көтермейді.
Чапаев-Жалпақтал жолының Казталов, шалғайдағы Бөкей ордасы және Жәнібек аудандары бағытындағы жолмен жалғасатыны белгілі.
Республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Казталов-Өнеге-Бисен-Сайқын жолы соңғы кезде ғана салынып біткенімен, аталмыш 17 шақырымның ойқыл-шойқыл жолға айналғанына бірнеше жылдың жүзі болды.
Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның мәлім еткеніндей, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ биыл жазда Чапаев-Жалпақтал жолының 17 шақырымы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізген.
Тендерде «АСФА» ЖШС жеңімпаз атанғанымен конкурс бойынша өз міндеттемесін толық орындамаған.
— «АСФА» ЖШС басшысы Иван Енютин бұрын облыстық мәслихат депутаты болған. Жол салу бағытында тендерге көптен бері қатысып келеді. Соңғы 2023-2025 жылдары 4,8 млрд теңге көлемінде келісімшартқа қол қойған. Соның ішінде 2,6 млрд теңгесі Чапаев-Жалпақтал жолының 17 шақырымына тиесілі. ҚазАвтоЖол шартты бұзып, басқа мердігерге беруге тырысқан. Бірақ «АСФА» сотқа беріп, кедергі болып отыр. Осылайша, аталмыш жолды орташа жөндеу басталмады, — дейді Б.Ахметжан.
Мердігермен сот қашанға дейін созылмақ?
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның нақтылауынша, республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы автомобиль жолының учаскесі үшінші техникалық санатқа жатады.
Оның айтуынша, жобаны Жол активтері сапасының ұлттық орталығында ведомстводан тыс сараптамадан өткізу үшін дайындау кезінде жол қабатының қатты шөгіп, терең ойықтар пайда болғаны ескерілді.
Сондықтан жобада 15 сантиметрге дейін қалыңдықта жаңа материалды қоса отырып, суық ресайклирлеу жұмыстары, сондай-ақ төменгі қабатына 6 сантиметрге дейін ірі түйіршікті және жоғары қабатына 5 сантиметрге дейін қиыршық тасты-мастикалық ыстық асфальтбетон төсеу қарастырылды.
Сөйтіп биылғы 15 шілдеде мемлекеттік сатып алу порталында республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы автомобиль жолының 0-17 км учаскесіне орташа жөндеу жүргізу жобасы бойынша конкурсқа қатысу үшін өтінім қабылдау басталған.
Конкурстың 2025 жылғы 31 шілдедегі қорытынды хаттамасына сәйкес «АСФА» ЖШС жеңімпаз болып танылып, 14 тамызда шарт жасалды.
— Шарт талаптарына сәйкес мердігер шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде банктік кепілдік ұсынуы тиіс болатын. Алайда бұл талап орындалмады. 28-29 тамызда мердігер БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шартты бұзу туралы талап арыз берді. 2 қыркүйекте сот талапты қамтамасыз ету туралы ұйғарыммен шарттың күшін уақытша тоқтатты. Бұл ұйғарымға филиал тарапынан жеке шағым берілді. 15 қыркүйекте филиалдың өтініші негізінде талапты қамтамасыз ету туралы 2 қыркүйектегі ұйғарымның күші жойылды. Қазіргі таңда талап арыз БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр, — дейді А.Мардан.
Филиал директорының хабарлауынша, бұл жобаны биыл жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда соттағы дау-дамайға байланысты жұмыс 2026 жылға ауыстырылды.
«АСФА» ЖШС директоры Иван Енютин қазіргі кезде сот талқысы жүріп жатқанын, соған байланысты ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
Тұрғындар талабы қандай?
Сонымен, БҚО тұрғындары арасында «жыр» болған Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы автомобиль жолының 0-17 км бөлігін жөндеу кейінге қалып отыр.
БҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұржан Қуанғалидың мәлімдеуінше, биылғы тоғыз айда Чапаев-Жалпақтал жолында 11 жол-көлік оқиғасы болып, 3 адам қаза тапқан. 27-сі түрлі жарақат алған.
— Туған жеріміз Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылы болғандықтан, жиі қатынауға тура келеді. Сонда зулап келе жатып, Чапаев ауылына жиырма шақырымдай жол қалғанда жылдамдықты амалсыз баяулатуға тура келеді. Өйткені ойдым-ойдым шұңқырлардан қаша алмайсың. Кейде машинаңның астын соғып алып, сынып жатқаның. Қосалқы бөлшек іздеп, көлігіңді жөндетіп, қосымша шығынға батасың. Бұл бір күннің оқиғасы емес. Осылай созылып келе жатқанына әлденеше жыл өтті. Сондықтан 17 шақырым жолды ретке келтіретін уақыт әлдеқашан болды ғой. Бұл осыған қатысы бар мекемелердің жауапкершілігі төмен екендігін көрсетеді, — дейді жүргізуші Жарқын Мағзомов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тендерді жеңіп алған депутаттың компаниясы жол салмай отырғанын жазған едік.