ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық жолдың екі бөлігінде қозғалыс шектелді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша 20 қаңтар күні жергілікті сағат 20.40-тан бастап республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы (0-158 км, Казталов-Жәнібек) жолы барлық көлік түрлері үшін жабылды.
Сол секілді осы уақыттан бастап республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Казталов (0-213 км, Чапаев-Казталов) жолында барлық көлікке шектеу енгізілді.
Жол бөліктерінің жабылу себебі – кей жерлерде көктайғақ, жел, жаңбыр.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялады.
Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысында 5 республикалық, 1 облыстық жол жабық тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда облыстық маңызы бар жол жабылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ боранға байланысты Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктеріне шектеу қойылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).