Батыс Қазақстанда Самара-Шымкент жолының екі учаскесін су басып кетті
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында республикалық Самара-Шымкент жолының екі учаскесін су басты.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, оқиға 26 наурыз күні шамамен сағат 23.30-да республикалық маңызы бар Самара-Шымкент жолында Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылы тұсында болды.
«Қар мен мұздың тез еруі салдарынан автожолдың 479-шақырымында жол жүру бөлігін су алды. Оның ауданы – 50 метр, ал биіктігі шамамен 10 сантиметр. Жолдың осы учаскесінде жол төсемі деңгейінің төмендеуі анықталып, бар қуатында жұмыс істейтін құбыр (диаметрі - 4х2,5 м) орнатылды. Қазіргі уақытта еріген суға тосқауыл қою мақсатында инертті материалдар толтырылған қаптар төселіп, белгісі бар бағандар орнатылып жатыр. Көлік қозғалысы шектелген жоқ. 15 адам 4 техникамен жұмылдырылды. Жағалауларға құм қапшықтары (500 дана) төселуде. Тәулік бойы кезекшілік орнатылды», - деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар 27 наурыз күні сағат 10.45-те аталған жолдың 428-шақырымында Сырым ауданы Қоңыр ауылы тұсында осындай оқиға болды. Жол бетіне шыққан судың ені – 35-40 метр, биіктігі – 4-5 см. Бұл жол учаскесінде де құбыр толық қуатында жұмыс істеп тұр. Мұнда да еріген қар суын тоқтату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлік қозғалысы шектелген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жарияланғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанның Аңқаты ауылында 16 үйге су кірді.