БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Айбар Қамидуллиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өңірде су айдындарында 34 бұқаралық демалыс, туризм және спорт орны белгіленсе, соның 13-і – коммуналдық, 21-і – жеке жағажай.
Айбар Хайдарұлының сөзіне қарағанда, өтінімдерге сәйкес 25 мамырдан бастап жағажайлардың түбін тексеру және тазарту жұмыстары жүргізілді.
- Қазіргі уақытта барлығы 22 жағажай қаралды. 14 жағажайдың (3 коммуналдық және 13 жеке) жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Ал 6 коммуналдық және 2 жеке жағажайдың су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты жұмысына рұқат етілмеді. Бұл жағажайлар қағидалардың талаптарына сәйкес келген соң қайта берілетін өтінімдерге сай қаралатын болады, - деді А.Қамидуллиев.
Оның айтуынша, оқушылардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүзу дағдыларын қалыптастыру үшін облыста 5 жабық және 34 модульдік қаңқалы бассейн бар. Шомылу маусымында төтенше жағдайларға ден қою мақсатында 6 мобильді сүңгуір тобы, 80-нен астам құтқарушы, 30-ға жуық жүзу құралы және 14 автомобиль, сүңгуір жабдықтарының 24 жиынтығы дайындалды.
Департамент қызметкерлерімен патрульдеу күн сайын бекітілген кестеге сәйкес су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерінде жүргізіледі. Оған қоса ТЖМ 20982-әскери бөлімінің 2 құтқару батальонының 10 әскери қызметшісі белгіленген 5 орында күнделікті кезекшілік атқарады.
- Биыл шомылу маусымы кезінде 4 адам суға кетсе, соның үшеуі – балалар. Өткен жылы осы мерзімде екі жасөспірім қазаға ұшыраған еді. 4-6 шілде аралығында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412 және 440-бабына сәйкес жалпы сомасы 469 262,5 теңге болатын 31 хаттама толтырылды. Жыл басынан бері 141 адамға 2,1 млн астам теңге көлемінде айыппұл салынды, - деп қосты А.Қамидуллиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда үш жасөспірімнің суға кетіп қалғанын жазған едік.