Батыс Қазақстанда шоқыну мейрамы кезінде 27 орында суға түсуге болады

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында шоқыну мейрамы кезінде суға түсетін 27 орын әзірленді.

Фото: Pixabay

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, соның ішінде Орал қаласы аумағында арнайы жабдықталған 12 орын белгіленді.

Оның сөзіне қарағанда, шоқыну мейрамы кезінде 18 қаңтар сағат 23.00-ден бастап 20 қаңтар сағат 00.00-ге дейін тұрғындардың су қоймасындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайғылы оқиғаның алдын алу мақсатында суға түсу орындарында кезекшілік ұйымдастырылады.

«Кезекшілікке барлығы 160-тан астам ТЖД қызметкері жұмылдырылады. Құтқарушылармен қатар шомылу орындарында полиция департаменті мен медициналық жедел-жәрдем қызметтерінің кезекшілігі ұйымдастырылады. БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға су басында болған кезде мұқияттылық таныту керектігін еске салады. Суық суда ұзақ уақыт болу ағзаның тоңазуына соқтырады. Салдарынан сіңір тартылып, адам естен танып, дем алуы қиындауы мүмкін. Ішімдік ішіп, мас болып, суға шомылуға тыйым салынады. Басқа да қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек», — деді Қ.Қарабалаев.