Батыс Қазақстанда шошқа тұмауына шалдыққан балалар саны 16 пайызға көбейіп кеткен
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері 14 жасқа дейінгі 34 бала шошқа тұмауымен ауырған.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұстаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (19) 16 пайызға көп.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы алғанда, тұрғындардың тұмаумен сырқаттануы 16 пайызға төмендеген. Биылғы тіркелген тұмаудың барлығы – А типті түрі (H1N1 штаммы), яғни шошқа тұмауы.
«19 желтоқсандағы мәлімет бойынша облыста 54 415 адамның жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) ауырғаны тіркелсе, соның 40 472-сі – 14 жасқа дейінгі балалар. ЖРВИ жұқтырғандар саны 18 пайызға азайған. Алайда бұл көрсеткіштің жүкті әйелдер арасында өскені байқалады. Атап айтқанда, өткен жылы 262 жүкті әйел ЖРВИ-мен сырқаттанса, биыл олардың саны 299-ға жеткен. Департамент көктемге дейін созылатын эпидемиологиялық маусым кезінде жұқпалы аурулардың алдын алу үшін сақтық шараларын ұмытпай, гигиеналық талаптарды орындау керектігін еске салады», деді Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ЖРВИ-мен ауырған оқушылар саны 2 мыңға жуықтағанын жазған болатынбыз.