Батыс Қазақстанда стихиялық қоқыс орындарының басым көпшілігі жойылмаған

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биыл ғарыштан мониторингілеу нәтижесінде 95 стихиялық қоқыс орны анықталды.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашевтің мәлім еткеніндей, соның 35-і жойылған, бір орын расталмаған.

Оның сөзіне қарағанда, стихиялық қоқыс орындарын жою көрсеткіші 37 пайыз болып отыр. Бұл жұмыс жалғасуда.

«Батыс Қазақстан облысында 147 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болса, соның 8-іне ғана санитарлық, экологиялық талаптарға сәйкес рұқсат құжаттары ресімделген. Бұл – 5,4 пайыз. Полигондардың 145-і ауылдық округтер орталықтарында, екеуі Орал және Ақсай қалаларында орналасқан», - дейді М.Молдашев.

Басқарма басшысының айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестендіру үшін жаңа полигондар салу қажет. Осы бағытта Орал қаласы әкімдігі жаңа полигон салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындап, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Өткен жылы 101,8 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге шарт жасалды, ол биылғы қыркүйек айында дайын болады. Ақсай қаласында да осындай полигон салу көзделуде.

«Орал қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялауға жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жұмыс құны – 12 млрд теңге. Сондай-ақ қазіргі уақытта Казталов ауданының Казталов және Жалпақтал ауылдарында полигон салу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізілуде», - деді М.Молдашев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрмыстық қалдықтар полигонында өрттің әлі бықсып жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 15 су қоймасының жағдайы талапқа сай болмай шықты.