Батыс Қазақстанда су айдынында балық тұншығып жатқаны рас па
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Пугачев ауылы тұсында су айдынында балықтың тұншығып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Бейнежазбада қазіргідей қыс мезгілінде көптеген су айдынында оттегі жетіспеушілігі байқалатыны, сондықтан балықты қорғау үшін ойықтар жасап, оған қамыс салу керектігі айтылады.
Осы оқиғаға орай Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жауап берді.
БҚО бойынша Балық инспекциясы басқармасының мамандары Бөрлі ауданы әкімдігі және Бөрлі ауданы орман және жануарлар дүниесін қорғау КММ қызметкерлерімен бірге бейнежазбада көрсетілген аумаққа барған.
Инспекция мәліметіне сәйкес мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында күннің суытуына байланысты Шыңғырлау өзені ескі арнасының бетіне қар және мұз тұрғандықтан, судағы еріген оттегі мөлшері жетіспеушілігінен ойықтарға балық шабақтарының тірі күйінде жиналғаны анықталды.
- Қазіргі кезде инспекция мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балықтардың тұншығу-қырылуының алдын алу үшін 3 мотопомпаны пайдалана отырып, су айдау, сондай-ақ ойықтар мен үкілерді ою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта Шыңғырлау өзенінің ескі арнасын инспекция мамандары және жергілікті атқарушы органның қызметкерлері күнбе-күн бақылайтын болады, - делінген ресми мәліметте.
Бөрлі ауданы Пугачев ауылдық округінің әкімі Мереке Ізтелеуов тиісті жұмыстар атқарылғанын айтып, күні бүгін жағдайдың қалыпты екендігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су тасқынынан келер қауіп қандай екенін жазған болатынбыз.