ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен Бәйтерек, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында және Орал қаласындағы саяжай аумақтарында дезинфекциялау жұмыстары толықтай атқарылды.
БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, нәтижесінде су басқан 7 мыңға жуық нысанға, соның ішінде тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, су құбырларына дезинфекция жүргізілді.
«Кейін су құбырларынан ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігіне зертханалық бақылау жүргізілді. Нәтижелер нормативке сәйкес келді. Дезинфекция жұмыстарын атқаруға төтенше жағдай қызметкерлерімен қатар Жамбыл және Ақтөбе облысынан келген әскери мамандар көмектесті», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су тасқынынан егістікке келген залалдың 261 млн теңгеден асқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).