Батыс Қазақстанда суға батқан 560-тан астам киіктің өлексесі жойылды

Фото: жергілікті тұрғындардан

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы аумағында киіктердің Сарыөзенге батып өліп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға Қараоба ауылдық округіне қарасты Әбдіреш қыстағы маңында болды.

Сол қыстақ тұсында 157 бастай киік өлексесі суда қалқып жүр.

- Басқа жерлерден де киік өлекселерін көруге болады. Мал су ішіп жатыр. Ол өз алдына, Бостандық сияқты ауылдар тазарту құрылғылары арқылы Сарыөзеннен су алып, тұтынады. Мұндай судан адамдардың денсаулығына қауіп төнбесіне кім кепілдік бере алады? Сондықтан судың құрамын толық зерттеу қажет, - дейді тұрғындар.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов оқиғаны растады.

- Хабар бүгін түсті. «Бөкейорда» табиғи резерватының басшылығына айтылды. Арнайы топ барады. Бұл бірінші оқиға емес, өткен аптада сол аймақтан суға батқан 562 бас киік өлексесі жойылды. Киіктер өзеннен әрлі-берлі өткенде шыға алмай қалып тұр, - деді Kazinform тілшісіне инспекция басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Мұратсай су қоймасынан киік өлекселері табылғанын жазған болатынбыз.