Батыс Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы неліктен байқалып отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында сұйытылған мұнай газы тапшылығы үнемі қайталанып келеді.
БҚО әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 1 тамыздан бастап автогаз бағасы республиканың барлық өңірінде қымбаттағаны белгілі. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында литрі 77-ден 85 теңгеге, шалғай аудандарда 90 теңгеге дейін өсті.
Мирас Рүстемұлының сөзіне қарағанда, әр айдың аяғында сұйытылған газ тапшылығы байқалады. Маусым, содан кейін шілденің соңғы күндері сондай тапшылық болғаны рас.
— Қазақстанда Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары сұйытылған газ өндіретіні белгілі. Еліміздегі газды тұтыну көлемінің 70-80 пайызын осы үш зауыт жабады. Олардың біреуінде жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде жүктеме қалған зауыттарға бөлінеді. Сонымен қатар өзіміздің облыстағы «Жайықмұнай» ЖШС-дан қажетті газды алып отырмыз, — деді М.Мүлкәй.
БҚО энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейімбет Мусиннің нақтылауынша, 2022 жылы газбен жүретін автокөлік саны 15 650 болған еді. Қазіргі кезде олардың саны 26 387-ге жетті.
— Бұл үш жыл ішінде газбен жүретін көліктер саны 69 пайызға көбейгенін көрсетеді. Сондықтан тұтыну мөлшері де артты. Биылғы жазда автогаз құю станцияларында тәуліктік сату көлемі 110 тоннадан 180 тоннаға дейін жетті. Мұндағы өсім 63 пайыздан асты. Бұл ретте өндірістік қуаттар мен ресурстық база сол деңгейде қалып отырғанын атап өту маңызды, — деді Б.Мусин.
Басқарма деректеріне қарағанда, биылғы жеті айда өңірде ішкі нарықта 33 193 тонна сұйытылған мұнай газы сатылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жүргізушілер сұйытылған газ тапшылығына тап болғанын жазған едік.