Батыс Қазақстанда тағы бір ауыл тұрғындарын эвакуациялау жүргізіліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Шыңғырлау өзенінде судың қауіпті деңгейден асуы Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласы құрамындағы Аралтал ауылы тұрғындарына қауіп төндірді.
Бөрлі ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Өтебаевтың мәлім еткеніндей, 29 наурыздан 30-ына қараған түні аталған ауыл тұрғындарын эвакуациялау басталды.
Оның сөзіне қарағанда, бұдан бұрын Бөрлі ауданы әкімі аппараты тарапынан әлеуметтік желі арқылы аралталдықтарға ертерек қамданып, ең қажетті киім-кешек пен құжаттарды өзімен бірге алып шығу ескертілді.
Хабарламада үйдегі тұрмыстық техникаларды жоғары көтеріп, баспанадағы көгілдір газ, электр қуатын және суды айырып, эвакуация белгіленген орынға келу сұралды. Ақсай қаласындағы №8 орта мектеп эвакуациялық орын болып бекітілді.
«Аталмыш мектепке қазір екі отбасы орналасты. Тұрғындардың біразы туған-туыстарының үйіне кетуде. Көмек сұрағандарға эвакуациялық қосынға жеткізуге автобус, басқа да көліктер дайын. Аралтал ауылында 1 мың адам тұрады», - деді Ә.Өтебаев.
БҚО ТЖ департаментінің 29 наурыздағы мәліметі бойынша Батыс Қазақстан облысында осыған дейін құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдардың күшімен алдын ала 1065 адам эвакуацияланып, 2195 бас мал қауіпсіз жерге айдалған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Шыңғырлау өзені арнасынан асып, бір ауылға су кіргенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да мыңға жуық адам су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды.