Полиция қызметкерлері салтанатты сапқа тұрған іс-шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жеке құрамды мерекемен құттықтап, құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартудың маңызын атап көрсетті.
«1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы декларация ел Тәуелсіздігіне жол ашты. Қазіргі уақытта халқымыздың өмірлік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жүйесін реформалау аясында нақты міндеттер қойды. Бұл ретте полицияның азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тың үлгіге көшуі маңызды. Жаңадан алынған автокөліктер қылмыспен күрестің тиімділігін арттырып, жұмыс сапасын жақсартуға септеседі деп сенеміз», - деді өңір басшысы.
«Егемен елде халықтың бейбіт әрі тыныш өмір сүруі үшін тәртіп сақшыларына жүктелер міндеттің жүгі ауыр. Біздің басты міндетіміз – қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы жолда полиция қызметкерлері өз міндетін адал орындап, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді деп сенім артамын», - деді БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев.
Ұлық мерекеге орай облыс әкімдігінің қолдауымен алынған 45 автокөліктің кілті учаскелік полиция инспекторларына табыс етілді. Жол талғамайтын көліктердің 25-і облыс орталығында қалса, 20-сы аудандарға беріледі. Жыл соңына дейін департаментке тағы да автокөліктер алынатын болады. Сонымен қатар БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментіне 12 жеңіл және 1 жүк көлігінің кілті тапсырылды. Автокөліктердің барлығы тұтастай заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Мерекелік іс-шара барысында ведомство басшысы полицейлерге мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыс етті. Ішкі істер министрінің және департамент бастығының бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін бірқатар қызметкер төсбелгі, грамота және алғысхаттармен марапатталды. Бұған қоса бірқатар қызметкерге мерзімінен бұрын арнайы атақ берілді. Қызметке жаңадан қадам басқан тәртіп сақшылары ант қабылдады.