ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Ақсай-Шыңғырлау автожолында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін әдейі бұзған үйлену тойының кортежін тоқтатты.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бөрлі ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері құқық бұзушыларды анықтап, жүргізушілер мен жолаушылардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бірнеше Toyota Camry, ВАЗ-2110, Volkswagen және BMW автокөліктері айып тұрағына қойылды.
— Тексеру барысында көлік салонынан тыс жолаушы тасымалдау, қозғалыс кезінде жолаушының көліктен тыс болуы, тиісті түрде тіркелмеген көлікті басқару, заңсыз қайта жабдықтау деректері анықталды. Барлығы 15 құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, тиісті шаралар қабылданды, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда мектеп автобусы жол апатына ұшырағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).