Батыс Қазақстанда тұмаумен ауырғандар саны 7,7 есеге өсіп кетті

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы үш айдың қорытындысы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағаланып отыр.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өңірде аса қауіпті жұқпалы аурулар – оба, сібір жарасы, туляремия және бүйрек синдромды геморрагиялық қызбаның (БСГҚ) табиғи ошағы бар. 

Оның сөзіне қарағанда профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде соңғы он жылдан астам уақытта БСГҚ-дан басқа аталған инфекциялардың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.

- Биылғы үш айда облыс бойынша БСГҚ-ның 10 дерегі тіркелді. Ауру ошақтарының барлығында эпидемиологиялық зерттеу жүргізу, қарым-қатынаста болғандарды медициналық бақылау және қорытынды залалсыздандыру жұмыстары нәтижесінде жұғу жағдайлары орын алған жоқ. Бруцеллез, туберкулез көрсеткішінің төмендеуі байқалды. Бұл – науқаспен байланыста болғандарды ерте анықтау, оқшаулау шараларын дер кезінде жүргізу ісінің жемісі, - деді Д.Жаңабергенова. 

Департамент басшысының айтуынша, 120 жіті ішек инфекциясы тіркеліп, өткен жылғы осы кезеңдегіден (195) 38,7 пайызға азайды. 

Жіті респираторлық вирустық инфекцияға (ЖРВИ) шалдыққандар саны 6,5 пайызға кемігенімен, есесіне тұмаумен ауырғандар 7,7 есеге (21-ден 163-ке) өсті.

Үш айда қызылша жұқтырған 2 адам анықталып, өткен жылғыдан (668) 335,2 есеге төмендеді. 

- Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, жұқпалы аурулардың алдын алу үшін тұрғындарды вакцинациялаудың маңызы зор екені белгілі. Профилактикалық екпелермен жоғары деңгейде қамту ұжымдық иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда 21 инфекция бойынша тиісті контингенттерге жоспарлы екпе жұмыстары жүргізілуде, - деді Д.Жаңабергенова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көкжөтелмен ауырғандар саны 4,3 есеге көбейгенін жазған болатынбыз.