БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнәр Әбдірахманова Алматы – Орал бағытында ұшақ бортында адам өмірін сақтап қалған дәрігерге ризашылығын білдірді.
Ұлболсын Қабдайқызы Сабирова 2 наурыз күні Air Astana компаниясының әуе кемесінде шұғыл дәрігердің жәрдемі қажет екені жөнінде хабарламаны естіп, көмекке ұмтылған. Дәрігер тез арада жауапкершілікпен шешім қабылдап, жағдайы күрт нашарлаған жасы шамамен 40-тардағы ер адамға қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды.
Оқыс оқиғаға байланысты аталмыш әуе кемесі Алматы әуежайына кері қонып, денсаулығы нашарлаған жолаушыны күтіп алған жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізді. Г.Әбдірахманова жұмыстан тыс уақытта бола тұра дәрігерлік парызын ойдағыдай атқарған Ұ.Сабироваға алғыс айтып, қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар өңірде жас дәрігерлердің кәсіби шеберлігін арттыру бағытында тәжірибелі мамандармен бірлесіп жұмыстануға дайын екенін жеткізді. Ұлболсын Сабирова кешеден бастап «Талап» АҚ-ға жұмысқа кірісті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бортта жас жігіттің жүрегі ұстап, Оралға бет алған ұшақтың Алматыға кері қонғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Оралға бет алған ұшақта жүрегі ұстаған жолаушыға көмектескен дәрігердің кім екені анықталды.