Батыс Қазақстанда үйлері суға кеткен тағы 23 отбасы баспаналы болды

Фото: Фото: БҚО әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Теректі ауданы, Аңқаты ауылында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа үйлердің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына Аңқаты ауылындағы үйлер «Жайықмұнай» ЖШС демеушілігімен салынды.

Фото: БҚО әкімдігі

Мерекелік шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын қоныс тойымен құттықтап, жаңа баспана кілттерін табыс етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен халыққа заң аясында тиісті көмек көрсетілуде. Көктемгі су тасқыны салдарынан Теректі ауданы бойынша барлығы 160 үй апатты деп танылған болатын. Соған орай 30 баспана сатып алынып, 130 үйдің құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсеткен демеушілер мен компанияларға шын жүректен алғысымды білдіремін», - деді Нариман Төреғалиев.

Фото: БҚО әкімдігінен

Аңқаты ауылының тұрғындары көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді.

«Көктемгі су тасқыны отбасымызға үлкен шығын әкелді, бірақ мемлекет бізді апатпен жалғыз қалдырған жоқ. Міне, біз бүгін жаңа, кең, жарық үйімізге кіріп отырмыз. Бізге қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан Мемлекет басшысына мың алғыс», - деді Аңқаты ауылының тұрғыны Серікқали Тұралиев.

Бүгінге дейін облыста мыңнан астам тұрғын үй сатып алынып, зардап шеккен отбасыларға берілген. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен Бөрлі, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарының тұрғындары 253 үйдің кілтін алды.

Фото: БҚО әкімдігінен

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында зардап шеккендер үшін 775 тұрғын үй салынды.

Пәтер кілттерін беру 30 тамыз күні Орал қаласында жалғасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тасқыннан жапа шеккендерге арналған үйлер қалай салынып жатқанын жазған болатынбыз.