Батыс Қазақстанда жастар арасында есірткіге тәуелділер неліктен көбейіп отыр

Фото: Фото: БҚО Полиция департаменті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жастар арасында есірткіге тәуелділердің көбеюі жұртшылықты алаңдатып отыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, нашақорлыққа салынғандардың ең жасы 14-те болуы бұл мәселенің күрделі екендігін көрсетеді.

Сонымен қатар есірткі таратып, істі болған мектеп оқушылары мен студенттердің сотталып, бас бостандығынан айырылуы осынау қылмыстың алдын алу үшін күш біріктіру қажеттігіне күмән туғызбайды. Осы орайда Kazinform тілшісі мамандар пікірін тыңдап, мәселені сараптап көрді. 

Арнайы бағдарлама қабылданды, нәтиже қандай болмақ ? 

БҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің ойынша, нашақорлық – болашағымызға қауіп төндіретін індет. 

Фото: БҚО Полиция департаменті

«Бұл – тек полицияның ғана емес, барлық қоғамның бірлесе атқаратын жұмысы. Сол себепті алдын алу жұмыстарын бастауыш сыныптан бастау керек. Бірінші кезекте педагогтармен бірге есірткінің зияны туралы сабақтар жүргізіп, көрнекі ақпараттарды көрсете отырып түсіндірген жөн. Түрлі интернет желілері арқылы кәмелетке толмағандарды есірткіні таратуға шақыратын хабарландырулардың көбейіп кеткені белгілі. Сондықтан ата-аналар балаларының әлеуметтік желідегі іс-әрекеттеріне үнемі бақылау жасап отырулары қажет», - дейді Арман Молдиярұлы.

Есірткі қылмысымен, нашақорлықпен күресті ширату мақсатында жуырда полиция департаментінің бастамасымен «Орал – есірткісіз қала» бағдарламасы қабылданғаны мәлім. Департамент бастығының айтуынша, осыған орай құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша БҚО ПД бөліністері қызметкерлері тарапынан кәмелетке толмағандармен жұмыс жасауға баса назар аударылып жатыр. 

Фото: БҚО Полиция департаменті

«Кездесулер барысында оқушыларға іс-қимыл алгоритмдері, оларға қатысты қорқыту, бопсалау және басқа да құқыққа қайшы көріністер, «маргиналды жастар» ұғымы және оның қоғамға көріну формалары, жасөспірімдер ортасына әсері түсіндірілді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жиі жасалатын қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершіліктің түрлері жеткізілді. Есірткіні ерте қолданған адамның денсаулығы нашарлап, мұның соңы мүгедектікке соқтырып, ата-ана болу қабілетінен айырылып, тіпті бес жылдың ішінде қиналып өмірден өтуі мүмкін. Міне, есірткінің осындай зиянды тұстарын ерте бастан баланың құлағына құя берсе, ойында қалады. Егер біреу баланы мұндай әрекеттерге мәжбүрлесе, онда ата-анасына, мұғалімдеріне ескерту қажет. Бұл жұмысқа нарколог-дәрігерлерді де тарту ұсынылады», дейді А.Оразалиев.

«Орал – есірткісіз қала» бағдарламасын пилоттық жоба ретінде діттеген жеріне жеткізу үшін оған барлық мүдделі қызметтерді, педагогтар, ата-аналарды, жалпы қоғамды кеңінен тарту көзделуде. Бұл бір реттік шара емес, жыл соңына дейін жүргізіліп, соның қорытындысы сараланып, 2025 жылға арналған жоспар жасалатын болады.  

Фото: БҚО психикалық денсаулық орталығы

Есірткі таратудың зардаптары орасан зор. Себебі мұндай әрекеттерге барса, жасөспірім 14 жастан қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өткен жылы 3 жасөспірім бас бостандығынан айырылса, биылғы тұтылғандардың біреуі – оқушы, үшеуі – колледждің 1-2 курс студенттері.

Полиция департаментінің мәліметі бойынша бір тың мысал келтірелік. Жуырда, 26 тамыз күні Бөрлі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы және «Орал – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында есірткі жасырумен айналысқан 18 жастағы студентті ұстады. Оның Орал қаласындағы колледждердің бірінде оқитыны анықталды. Жеке тексеру кезінде ішіне ақ түсті ұнтақ тәріздес зат салынған 36 зип-пакет табылып, тәркіленді. Алынған заттар сараптамаға жіберілді. Күдікті 4 зип-пакетті жасырып үлгерген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, студент уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Міне, осылайша өз болашағына балта шауып жүргендер азаймай тұр.

«Жастар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері департаменттің басқа да мүдделі қызметтерімен (есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы, криминалдық полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметі басқармасымен) бірлесіп, жыл басынан бері жоспарға сәйкес білім беру ұйымдарында 45 дәріс өткізді. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жастар ортасындағы криминогендік жағдайға тұрақты негізде талдау жүргізуде. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы барлық мәліметтер тексеріліп, талданады», - дейді А.Оразалиев.

Дәрігер-нарколог не дейді?

БҚО психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары, дәрігер-нарколог Ерлан Шомбаловтың нақтылауынша, облыс бойынша диспансерлік наркологиялық есепте барлығы 3 700-ден астам адам есепте тұрса, соның 700-ден астамы нашақорлыққа шалдыққан. Соның ішінде төртеуі – кәмелетке толмағандар, мұның екеуі – нашақор, екеуі – токсикоман. 28 жасқа дейінгі жастар 130-дан асады. 

Фото: БҚО психикалық денсаулық орталығы

«Олардың бәріне мамандандырылған медициналық көмек кеөрсетіледі. Науқастарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық деңгейде кеңес, психотерапиялық жәрдем беріліп, дәрі-дәрмекпен қамтылады. Наркологиялық қызмет міндетінің бірі – жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу. Осы бағытта облыстық психикалық денсаулық орталығы мектеп оқушылары, колледж, ЖОО студенттері арасында профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Маскүнемдік, нашақорлық пен токсикоманияның зиянын ересек тұрғындарға да түсіндіреміз. Түрлі оқу орындары мен еңбек ұжымдарында дәріс оқу, теледидарда сөз сөйлеу, БАҚ беттерінде мақалалар жариялау, ата-аналар мен жасөспірімдер және ересектер үшін ашық есік күндерін өткізу, тегін кеңес беру арқылы тұрғындар түсінігі молая түседі», - дейді дәрігер.

Оның ескертуінше, нашақорлық – қауіпті кесел. Одан сауығу үшін есірткі заттары қатарына жататын дәрі-дәрмекті қолдануға тура келеді. Балалар мен жастардың нашақорлыққа әуестігі психикаға әсер ететін кез келген заттарға, соның ішінде темекі мен спирттік ішімдікке жеңіл-желпі қараудан басталуы мүмкін. Оған қоса баланың өсіп-жетілмеуі, гиперактивтілік, өз қатарына бейімделудегі қиындықтар, орта мен отбасындағы қолайсыздық, бақылаусыз қалу, есірткі қолданудың зардаптары жөнінде хабарсыздық себеп болуы ықтимал. Психотроптық заттар мен есірткілер өсімдік, жартылай синтетикалық және синтетикалық болып бөлінеді. Синтетикалық есірткінің қауіптілігі сол, оған адам тез дағдыланады.

Балаңыз есірткі тұтынып жүр ме, оның негізгі белгілері қандай?

Дәрігер-нарколог Е.Шомбалов есірткі қолданып жүрген жасөспірімдерді айыра білу керектігін айтады.

«Егер балаңыздың мінез-құлқы өзгеріп, тұйықталып, оңаша қалуға тырысса, сезік тудырады. Ол ата-анасымен байланыс жасаудан қашқақтап, жабық киім киеді. Оның заттарынан басқа иіс сезіліп, түр әлпеті бұзылып, терісі қызарады. Қарашығы үлкейіп немесе тарылып, көзі қызарып не тұманданады. Сөзі байланыспай, не жай, не тез сөйлейді. Тәбеті жоғалып, арықтайды. Жөтелі жиілеп, суық тигендей күй кешеді. Киімінің қалтасынан, қалдық салатын шелектен сұйықтық құйылған немесе бос шприц, сондай-ақ қоспа дайындайтын ас қасығы, түрлі дәрі-дәрмек, ерекше исі бар жасыл түсті ұнтақ зат (марихуана) және басқа нәрселер тауып алуыңыз кәдік», - дейді Ерлан Махмудұлы.

Егер ата-ана баласының есірткі қолданғанын сезсе, өзінің күдігі туралы тіке айтқаны жөн. Тек әңгімені оның есірткіге елтіген күйінде бастамау керек, одан ештеңе шықпайды. Баланың есін толық жинаған уақытын күту керек.

«Егер балаға білікті медициналық көмек керек болса, онда ата-ана міндетті түрде соған баруы қажет. Жалғыз күресемін деп ойламаңыз, мұны отбасылық құпияға айналдырудың керегі жоқ, мамандардан жәрдем сұраңыз. Нарколог, психотерапевт, медициналық психологқа жүгініп, көмекке қоса кеңес алу бірден-бір дұрыс шешім болып саналады», - деді Е.Шомбалов.

Білім саласы мамандарының пікірі қандай?

БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллиннің мәлімдеуінше, облыс әкімінің 2023 жылғы 4 тамыздағы № 17 шешімімен бекітілген Батыс Қазақстанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар негізінде білім беру мекемелерінде мүдделі ұйымдармен бірге салауатты өмір салтын насихаттау, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудың алдын алу жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Бисенбек Жамбылұлының сөзіне қарағанда, мектеп оқушылары арасында есірткі таратудың 2023 жылы 3, биыл 3 дерегі тіркелген.

«Жыл басынан бері облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының мамандарынан және қоғам белсенділерінен құрылған ақпараттық-түсіндіру тобымен 171 оқу орнында түрлі форматта 269 іс-шара ұйымдастырылып, оған 6 мыңға жуық шәкірт қатысып, жатақханаларда тұратын студенттерге (1 904 адам), 7-11 сынып оқушыларына (25 155 адам) «Ине», «Таңдау өзіңде!» атты бейнефильдер көрсетілімі ұйымдастырылып, жадынамалар таратылды. Сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының 1 курс студенттеріне (3 256 адам) және облыс мектептерінде 9-11 сынып оқушылары арасында (2 677 адам) психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды тұтынудың салдары, есірткі қылмысы бойынша қылмыстық жаупкершілік туралы түсіндіріліп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы айтылды», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, сонымен қатар мектеп психологтарының жұмысын күшейту, олардың құзыреттілігін арттыру, тәжірибе алмасу аймағын кеңейту, білім беру ұйымдарында психологиялық қызметті нәтижелі ұйымдастыру мақсатында семинарлар өткізілді. Бұларда нашақорлықты болдырмау және ерте анықтау, психоактивті заттарға тәуелділікпен байланысты аурулардың алдын алу, лудоманияның қоғам дерті екенін ұғындыру және басқа өзекті мәселелерге баса мән берілді. 

Фото: жеке мұрағатынан

«Мектептерде тәрбие жұмысы барысында нашақорлық пен есірткіге қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Барлық шаралар білім беру ұйымдарының әлеуметтік желілерінде жарияланылып тұрады. Мұндай жұмыстар жаңа оқу жылында да жалғасады», - деді Б.Насимуллин.

Орал қаласына қарасты Серебряков кентінде тұратын Жанар Мағзомова педагог әрі ата-ана ретінде балалар мен жасөспірімдердің есірткіге ұмтылуы мен оны таратуының нақты себебі дұрыс айналысатын еңбектің жоқтығы мен түрлі арзан жұмыстың көптігі деп есептейді.

«Балалар даяшы, курьер, фотограф, моблиограф болып сапасыз нәрсемен айналысып, қиналмай ақша тапқысы келеді. Сондықтан түнде ұйықтамай жүру үшін энергетик сусындар ішіп, әрі қарай оған қалай тәуелді болғанын сезбей қалады. Негізгі себеп – бұл заттардың қолжетімділігі мен арзандығы, интернет пен мессенджерлер арқылы сатып алу мүмкіндігі, ересектердің балаларының бос уақытын бақылаусыз ұстауы. Балалар мен жасөспірімдер ең осал орта болып саналады. Олардың есірткі заттарының зиянды екендігі туралы нақты білімінің жоқ болуы да бір себеп. Есірткіні қолданатын жасөспірімдер өздерін тәуелсіз сезініп, тапқан ақшасын өзіне жұмсап жүрмін деп біледі. Сол себепті ата-аналар, педагогтар мен жұртшылық нашақорлықтың алдын алу үшін балаларда салауатты өмір салтына деген ұмтылысты дамыту қажет. Ең бастысы, бұл мәселеге немқұрайлы қарамау керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде балаларын тәрбиелеуге ата-аналардың өздерінің қауқары жеткіліксіз немесе оған жете мән бермейді», - дейді Ж.Мағзомова.

Міне, жеткіншек ұрпақ арасында нашақорлық пен есірткіні таратудың алдын алу бағытында бірқатар мамандардың ой-пікірі мен нақты деректерді келтірдік. Осыдан-ақ бұл мәселенің аса өзекті екендігін ұғынуға болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда есірткіге тәуелді 720-дан астам адамның есепте тұрғанын жазған болатынбыз.