Батыс Қазақстанда жауған жауын-шашынның тасқынға әсері қандай

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Биыл қыста Батыс Қазақстан облысында қанша жауын-шашын түсті? Алдағы уақытта ауа райы қандай болмақ, оның тасқынға әсері қандай? Kazinform тілшісі мәселені зерделеп көрді.

Батыс Қазақстан облысында ақпанның ортасынан бастап қар жиі жауып, айлық нормадан асып түсті. Сонымен қатар наурыз айының алғашқы күндері де жауын-шашынды болды. 

Қазгидромет БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, облыс аумағында жауын-шашынның түсуі біркелкі емес.

Тасқала, Ақжайық, Жаңақала, Теректі және Бәйтерек аудандары мен Орал қаласының көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында.

— Ал Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандарында 16-47 пайызға нормадан төмен. Өткен жылмен салыстырғанда, облыстың барлық аумағын алсақ, жауын-шашын 2-2,5 есе аз түскен, — дейді Тілеген Шапанов. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Бірақ бұған қарап жайбарақат отыруға болмайды. Өйткені 11-13 наурыз аралығында Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында +5+7°С, Сырым мен Қаратөбеде +7+9°С, Орал қаласы, Тасқала, Бәйтерек, Теректі, Ақжайықта +8+10°С-қа дейін күннің күрт жылынатыны жөнінде ескерту жарияланды. 

Осыған байланысты қар қарқынды түрде еруде. Бұл қар суының ағынын қалыптастырып, мұздың әлсіреуіне, өзендерде су деңгейінің көтерілуіне әсер ететіні анық еді. 

Тілеген Қойшыбайұлының сөзіне қарағанда, 14-16 наурызда ауа температурасының +10, +16 градусқа дейін (Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында +10+12°С, Сырым мен Қаратөбеде +12+14°С, Орал қаласы, Тасқала, Бәйтерек, Теректі, Ақжайықта +14+16°С-қа дейін) одан әрі жоғарылауына байланысты қардың қарқынды еруі жалғасады.

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Алынған болжамдық деректер мен алдын ала есепке қарағанда Батыс Қазақстан аумағындағы Жайық өзенінің салаларында су тасқыны жоғары және орташа деңгейде болуы мүмкін, — дейді спикер.

Филиал деректеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында 550-650 сантиметрге (қауіпті шегі — 850 см) жетуі ықтимал. Өткен жылы Жайықта су деңгейі 864 сантиметрге дейін көтерілгені мәлім. 

Облыстың бас өзенінде сең 2-7 сәуір аралығында жүреді деп болжанып отыр. 

Су көлемі 3,2-5,2 млрд текше метр шамасында болмақ. Өткен жылы бұл көрсеткіш 11 млрд текше метрден асып кетсе, биыл бұдан 2-2,5 есе аз болуы мүмкін.

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Өңірде Деркөл өзенінен Тасқала, Бәйтерек аудандарына көбірек қауіп төнетіні белгілі. Биыл Деркөлдегі су деңгейі Тасқала ауданында 385-515 см (қауіпті шегі — 520 см), Бәйтеректе 313-551 см (600-650 см) аралығында болады делініп отыр. 

Ал Шағандағы су деңгейі 754-986 сантиметрге (қауіпті шегі — 1 280 см) дейін көтерілуі мүмкін.

— Тасқынның болуы бірнеше факторға байланысты. Облыстың солтүстік, шығыс және орталық бөлігінде мұздың қалыңдығы 20 мм, ал топырақтағы тоңның қату тереңдігі 62-111 см аралығында екенін ескерсек, нөсер жаңбыр жауса жағдай күрделеніп кетуі ықтимал. Сонымен қатар Жайықтың деңгейі Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан жіберілетін су көлеміне де байланысты, — деді Т.Шапанов. 

Ресейдегі «Приволжск гидрометеорология және қоршаған ортаны мониторингілеу бойынша басқармасы» федералды мемлекеттік бюджеттік мекемесінің 12 наурыз таңындағы мәліметі бойынша Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 201 текше метр су жіберіліп жатыр. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Жайық өзенінің деңгейі Орск қаласы тұсында бір тәулікте 4 сантиметрге көтеріліп, 284 сантиметрге жетті. Орынбор қаласында өзен деңгейі 287 см (тәулігіне — 5 см) болған.

Қазгидромет мәліметіне сәйкес 12 наурызда Жайық өзенінің Орал қаласындағы бекетінде су деңгейі 172 см болды, кешегіден өзгерген жоқ. Ал Бәйтерек ауданы Январцев ауылы тұсында су деңгейі бір тәулікте 1 см-ге көтеріліп, 243 см-ге жетті.

Бәйтерек ауданы Чувашин ауылы тұсындағы Шаған өзенінің деңгейі — 478 см (+2). 

Деркөл өзенінің су деңгейі Тасқала ауылында 288 см (бір тәулікте 20 см жоғарылаған), Бәйтерек ауданы Белестегі су бекетінде 235 см (+39) болды. Сол секілді Шежін 1 өзені 372 см (+28), Шежін 2 өзені 575 см-ге (+48) жеткен.

Казталов ауданында Қараөзен деңгейі Жалпақтал ауылы тұсында 594 см (+4) болса, Сарыөзен Бостандық маңында 1 см (404 см) төмендеген.

Жалпы, облыста өзендер деңгейінің біртіндеп көтеріліп жатқаны байқалады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тасқын судан келер қауіп қандай екенін жазған болатынбыз.

Орал қаласында аула-көшелер қар суына тола бастады. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform