ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында 929 (қауіпті шегі – 850 см) сантиметрге жетті.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 6 мамыр күнгі сағат 08.00-дегі мәліметіне сәйкес аталған гидробекетте су деңгейі бір тәулікте 30 сантиметрге көтерілді.
Жайық суы Ақжайық ауданының аумағы арқылы Атырауға қарай өтіп жатыр.
Есесіне Жайық өзенінің басқа гидробекеттерінде су деңгейі түсіп келеді. Бәйтерек ауданы Январцев ауылында қазіргі кезде 796 (-4, қауіпті шегі – 1 250 см), Орал қаласында 786 (-6, 850 см), Көшімде 809 (-4, 850 см) сантиметрді көрсетті.
Сондай-ақ Көшім каналында 4 сантиметрге (753 см, қауіпті шегі – 800 см) төмендеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Жайық суы ең жоғары деңгейге көтерілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).