Батыс Қазақстанда жер тиімді пайдаланылып отыр ма
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы және басқа мақсаттағы жерлер тиімді пайдаланылып отыр ма? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовқа бірнеше сауал қойған еді.
— Нұржан Ерболатұлы, облыста жерлер қаншалықты өз мақсатында пайдаланылып отыр, алдымен осы жөнінде айтып өтсеңіз?
— Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жерлері — шамамен 7,9 млн гектар. 2022-2025 жылдары кешенді түгендеу қорытындысы бойынша пайдаланылмаған 686 мың гектар (2022 жылы — 263,6 га, 2023 жылы — 250 мың га, 2024 жылы — 115,5 мың га, биыл — 56,9 мың га) жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Бұл жайылым тапшылығын 339 мыңнан 25 мың гектарға дейін қысқартуға және оларды жергілікті шаруашылықтардың қажеттіліктері үшін айналымға тартуға мүмкіндік берді. Биыл облыста 613 мың гектар алқапқа негізінен дәнді және майлы дақылдар, жемдік шөптер, картоп-көкөніс егілді.
Дәстүрлі дақылдардан басқа, өңірде әртараптандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жемдік шөптер мен майлы дақылдарға арналған алқаптар кеңейтілуде, сондай-ақ әр ауылдық округте қоғамдық жайылымдар құрылуда. Бұл шаралар жердің жүктемесін арттырады, көмірсутек ізін азайтады және мал шаруашылығының азық-түлік базасын теңестіреді.
— Биыл қанша гектар жерді мемлекетке қайтару көзделіп отыр?
— 2025 жылы облыс бойынша 120 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін қайтару жоспарланған болатын. Қазірдің өзінде соның 57 мың гектары мемлекеттік меншікке өткізілді.
Жұмыс күнделікті режимде жүргізілуде: жердің бір бөлігі өз еркімен қайтарылады, бір бөлігі — сот шешімдері және жалдау шарттарын бұзу бойынша. Дегенмен ірі жер пайдаланушылардың учаскелерді өз еркімен қайтаруының нәтижесінде жоспардың орындалу қарқыны жоғары деп айтуға болады.
— Облыстың ауыл шаруашылығы жерлерінде топырақ құнарын зерттеу мақсатында қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
— Жерді тиімді пайдалану оның құнарын нақты бағалаусыз мүмкін емес. 2025 жылғы 29 қаңтарда БҚО бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған өңірлік жол картасы бекітілді. Бұл жұмыс үш үлкен бөлікте атқарылмақ: яғни агрохимиялық және геоботаникалық зерттеулер, көміртекті егіншілік бойынша пилот және цифрландыру.
Осылайша, пайдаланылмаған учаскелерді қайтарудан бастап агрохимиялық картаға дәл түсіруге және жасыл технологияларды енгізуге дейінгі кешенді тәсіл аймаққа тұрақты және жоғары рентабельді жер пайдалану моделіне біртіндеп көшуге мүмкіндік береді.
— Жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысының ашықтығы, олардың әлеуметтік аударымдарының жұмсалуы жөнінде не айтар едіңіз?
— Жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысының ашықтығына тоқталатын болсақ, жалпы басқа салалардағыдай, осы салаға да заман талабына сай, жылдан-жылға цифрландыру жүйесі енгізіліп келеді. Осы орайда «Е-лицензиялау» мемлекеттік қызмет көрсету сервисін атап өтуге болады. Аталған жүйе азаматтарымызға жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсат құжаттарын алуды жеңілдетіп, қағазбастылықтан арылтып, құжат айналымын электронды түрде жіберуге және қысқа мерзім ішінде алуға септігін тигізуде. Ол үшін қызмет алушыға электронды цифрлық қолтаңбасы болуы жеткілікті.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің map.e-batys.kz геоақпараттық порталы өз қызметін бастады. Аталмыш ақпараттық жүйеде облыс аумағындағы жер қойнауын пайдаланушылар туралы ақпараттар (кен орнының атауы, координаттары және пайдалы қазбалардың түрі) жинақталған. Ол үшін map.e-batys.kz сайтына кіру қажет. Сондай-ақ биылдан бастап қолданысқа енгізілген «Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы», «е-qazyna» ақпараттық жүйесін алуға болады. Аталмыш жүйе Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-ның бастамасымен қолға алынып, жүйелі түрде іске асып жатыр.
Аталмыш жүйе жаңадан енгізілгендіктен, бастапқыда қиындықтар болмай қалған жоқ. Дегенмен «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-нің білікті мамандары мен басқарма қызметкерлерінің өзара жедел іс-қимылы нәтижесінде азаматтарға және жер қойнауын пайдаланушыларға жүйеге кіру, тиісті әрекеттерді қалай жасау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Аталмыш жүйеде барлық жер қойнауын пайдаланушылардың есептері, кен орындарының орналасу схема, координаттары, рұқсат құжаттардың мерзімі және басқа құжаттар ашық, қолжетімді болып, кірушіге көрініп тұрады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бағытында алдағы уақытта да тиісті жұмыстар атқарылады. Әлеуметтік аударымдар жөнінде айтатын болсақ, жер қойнауын пайдалану субъектісі жер қойнауын пайдалану құқығына ие болған сәттен бастап қолданыстағы заңнама талаптарына сай өзіне міндеттемелер алады. Сәйкесінше, тиісті салықтардан бөлек мемлекет кірісіне тиісті көзделген тәртіппен төлемдер мен аударымдарды жүргізуі тиіс. Мұны тиісті құзырлы органдар бақылап отырады.
— Облыста карьер үшін жердің заңсыз пайдаланылу деректері бар ма, соған тоқтала кетсеңіз?
— Облыс аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану деректерін болдырмау, алдын алу және болған жағдайда дереу әрекет ету мақсатында облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы, БҚО полиция, экология және мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары мен өкілдерінің қатысуларымен кеңейтілген жиналыс өткізілді. Соның қорытындысы бойынша осы салада мүдделі органдарға жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерін анықтау бойынша әрбір мемлекеттік органға құзыреттеріне сәйкес міндеттер жүктеліп, «Іс-әрекет ету алгоритмі» бекітілді. Аталған алгоритмге сәйкес әр мүдделі мемлекеттік орган өзіне жүктелген міндеттерді орындауы тиіс.
Жалпы, жер қойнауын заңсыз пайдалану дерегі облыс аумағында бар. Басқарма тарапынан мұндай дерек анықталған жағдайда, яғни жеке және заңды тұлғалардан арыз-шағымдар және құзырлы органдардан түскен материалдарға сәйкес кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану салдарынан келтірілген залалдың мөлшері есептеліп, құзырлы органдарға, полиция департаментіне тиісті құқықтық баға беру үшін жіберіледі.
Мысалы, Ақжайық ауданында «Озерное ПГС» ЖШС-мен заңсыз жер қойнауын пайдалану деректері анықталды. Нәтижесінде осы ЖШС директоры Арыстан Хитаров Ақжайық аудандық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді. Оған қоса мемлекеттің пайдасына 22 млн-ға жуық теңге өндірілді.
Сол себепті лицензиясы бар жер қойнауын пайдаланушылар тиісті заңнамаларға сәйкес жұмыстанып, заңсыздыққа жол бермеуі керек. Жер қойнауын заңсыз пайдалану дерегін болдырмау мақсатында басқарманың бастамасымен құзырлы органдардың және жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуымен ақпараттық түсіндіру жұмыстары да үнемі жүргізіліп келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 74 мың гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.