Батыс Қазақстанда жылқылардың аштан өліп жатқаны рас па
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жылқылардың өліп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазбалар тарады.
Сонымен қатар, тұрғындар биелердің іш тастап жатқанын да жариялап жатыр. Олардың сөзіне қарағанда, жылқы малы жерге мұз қатып, тебіндей алмағандықтан, осындай жағдайға тап болған. Әсіресе, қырдағы малға қиын соққан. Қыстан аман алып шығу үшін иелері жылқыларды Нарын құмына қарай айдауға мәжбүр болды. Сондай-ақ қолға қарап қалған малға жем-шөп жеткізіліп жатыр.
Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев негізінен ахуал тұрақты екендігін жеткізді.
— Қыс болған соң мал шығыны аздап бар. Бірақ дабыл қағатындай мәселе жоқ. Шөп қоры толықтай жеткілікті, — деді А.Көшкінбаев.
Жаңақала аудандық ветеринарлық станциясы директорының міндетін атқарушы Мейрамбек Қадырбеков ұсынған мәліметке қарағанда, жылқының өлім-жітімге ұшырағаны жөнінде ауылдық округтер тұрғындарынан хабарлама түскен.
— Жылқыларға салынған чип және ен таңбалары арқылы мал иелері анықталды. Атап айтқанда, Қызылоба ауылдық округінде 2, Пятимарда 9, Жаңақалада 10, аудан бойынша барлығы 21 бас жылқы өлім-жітімге ұшырады. Бұлардың барлығы мал моласына жеткізіліп жойылды. Биологиялық қалдықтарды жою туралы акт жасалды. Жылқының өлу себебі — суға батып кету, әлсіздіктен немесе аштықтан. Аса қауіпті ауру белгілері тіркелмеді, — делінген ресми мәліметте.
БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұрқайыр Құсайынов жылқының аурудан емес, көтеремдіктен шығынға ұшырағанын растады.
— Жаңақала ауданында ветеринарлық пункттерге 21 жылқының өлгені мал иелерінің хабарламасы бойынша тіркелгенін ескеру керек. Шығынға ұшырағандар саны бұдан көп болуы да ықтимал, — деп нақтылады Н.Құсайынов.
Казталов ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиевтің айтуынша, тұрғындардан малы шығынға ұшырағаны жөнінде ресми хабарлама түспеген.
— Киіктер көбірек мекендейтін Сарыөзен бойына жақын орналасқан ауылдық округтерде жылқы малы да түгелдей қолға қарады. Өйткені жайылыс жоқ. Өткен жылы 328 690 тонна пішен, 31 400 тонна жем дайындалды, бұл — қажетті мал азығының 86,4 пайызын құрады. Ауданда шабындық шығымы төмен болғандықтан, көршілес Ақжайық, Тасқала аудандарынан шөп шабуға тура келді. Қазіргі кезде жем Орал қаласынан тасымалданып жатыр. Ауданда 357 қыстақ болса, 187 712 бас шартты мал басы қысқа кірді, — деді А.Қажығалиев.
Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының әкімдері Нұрлыбек Даумов пен Тимур Шиниязов мал қыстағының қалыпты өтіп жатқанын жеткізді.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәлімдеуінше, облыста мал қыстағы бойынша штаб жұмыс жасап жатыр. Жалпы жағдай бақылауда, аудандар бойынша мал шығыны нақтыланып жатыр.
— Жылқы көбіне қыстан тебіндеп жайылып шығады деп, оған керекті мал азығын есептемейтіндер бар. Дегенмен, Жәнібек ауданының шаруа қожалықтары бұл жағын да ескеріп, жем-шөпті барынша мол дайындаған. Осы бағытта аудандарда алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір барлық ауданда саттыққа жем-шөп бар, тасымалдау ұйымдастырылған. Мәселе туындаған жағдайда оны жедел шешу бағытында шаралар қабылданады, — деді Ж.Халиуллин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір үйір жылқының сорға батып өлгені рас па соны жазған едік.