ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен 18 жастағы Игорь Исраилов бүгін аман-есен табылды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталмыш тұрғын 6 маусым күні Бәйтерек ауданы Рубежка ауылындағы үйінен шығып кеткен еді.
«Теректі ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары жігітті шаруа қожалықтарының бірінен тапты. Шаруа қожалығының басшысы Игорьдың өзі келіп, жұмысқа алуын өтінгенін жеткізді. БҚО полиция департаменті жігітті іздеуге атсалысқан адамдардың бәріне алғысын білдіреді. Қазіргі кезде оның жағдайы жақсы, ата-анасының қолына тапсырылды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жоғалып кеткен 18 жастағы жігіттің төрт күннен бері табылмай жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 18 жастағы жігіттің жоғалып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).