Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 32 жастағы жүргізуші мерт болды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 8 желтоқсан күні Сырым ауданы аумағында болды.
«Сағат 19.20-да Самара-Шымкент жолының 389-шақырымында 1991 жылғы жүргізуші «Seat» автокөлігімен қарсы бетке шығып кеткен. Содан қырғызстандық 34 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «Вольво» жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Осылайша, Батыс Қазақстан облысында екі күннің ішінде үш жол апатынан алты адам қаза тапты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, үш адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда жол апатынан екі адам көз жұмды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).