Батыс Қазақстанда жол апатынан екі адам көз жұмды

Фото: Фото: Kazinform

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 8 желтоқсан күні Орал-Атырау жолында болды.

"Атырау қаласынан келе жатқан "Toyota Ipsum" автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі жылдамдықты асырып, "Қауіпті бұрылыс" белгісі талаптарын сақтамаған. Сөйтіп дөңгелегі жарылып, оны ауыстыруға тоқтаған "Opel" автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан автокөлік жанында тұрған екі ер адам (жүргізуші мен жолаушы) оқиға орнында қаза тапты. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтап, мұқият болу керектігін еске салады", - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол апатынан үш адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, мектептегі буллингке байланысты Оралда бірнеше педагог пен ата-аналар жауапқа тартылды.