ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасынан екі жасөспірім қаза тапты.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 сәуір күні Бәйтерек ауданы аумағында Переметный-Белес жолында болды. Шамамен сағат 11.00-де Jac N56 және «ВАЗ-2110» көліктері соқтығысты.
– Жол апатынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы көз жұмды. Жеңіл автокөлікте 2008 және 2010 жылғы жасөспірімдер болған. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. Полиция департаменті мерт болғандардың отбасыларына көңіл айта отырып, ата-аналардың балаларының қауіпсіздігіне мұқият қарауы керектігін еске салады, - деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, марқұмдардың бірі 2008, екіншісі 2010 жылғы, екеуі де – мектеп оқушылары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жеңіл көлік автобуспен түйісіп, 3 адам ауруханаға жатқызылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).