Батыс Қазақстанда жол апатынан екі жүргізуші мерт болды

Фото: Фото: БҚО ПД

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі жүргізуші мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 28 қыркүйек күні сағат 00.05 шамасында Орал-Тасқала жолының 7-8-шақырымында болды.

"1977 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан "Тойота Камри" автокөлігі 82 жастағы жүргізуші тізгіндеген "Volkswagen Golf2" автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан екі жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. "Тойота Камри" автокөлігінде отырған 1961, 1957 және 1943 жылғы жолаушылар облыстық ауруханаға жатқызылды. Екінші көлікте жүргізуші жалғыз болған. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде", - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына сағат 00.39-да жеткен. Екі адам жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған. Тағы төрт адам зардап шекті.

Соның ішінде 1987 жылғы әйел травматология бөліміне жатқызылды. Жағдайы қанағаттанарлық, динамикада нашарлау жоқ. 1961 жылғы әйелдің жағдайы ауыр, тұрақты.

1957 жылғы ер адам амбулаториялық ем алуға жіберілді. 1943 жылғы әйел жансақтау (нейрохирургия) бөлімшесінде, жағдайы ауыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ер адам көшеде өзіне-өзі пышақ жұмсамақ болғанын жазған едік.