ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасынан үш адам мерт болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 25 мамыр күні Самара-Шымкент жолының 507-шақырымында болды.
Шамамен сағат 16.50-де Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылы тұсында Toyota Camry 60 автокөлігінің жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, Toyota Camry 40 көлігімен соқтығысқан.
— Жол апаты салдарынан Toyota Camry 60 автокөлігінде отырған ер адам және екінші көліктегі екі әйел оқиға орнында қаза тапты. Toyota Camry 40 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы ауруханаға жатқызылды. Қазіргі кезде ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол ережесін бұзған 3 300-ге жуық жүргізушінің жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).