Батыс Қазақстанда жол-көлік оқиғалары неліктен жиілеп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде жол-көлік оқиғалары көбейіп кетіп отыр. Мұның себеп-салдары қандай, міне, осы орайда Kazinform тілшісі БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ернар Сұлтанғалиевке бірнеше сауал қойған еді.
— Ернар Темурұлы, Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта қанша жол-көлік оқиғалары тіркелді?
— Өңірде биылғы бірінші жартыжылдықта 563 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 36 адам қаза тауып, 849-ы түрлі дене жарақатын алды. Өткен жылы осы мерзімде 434 жол апатынан 45 адам мерт болып, 576-сы жарақат алған еді. Көріп отырғанымыздай, көз жұмғандар саны азайғанымен, жол апаты мен жарақат алғандар саны әлдеқайда көбейіп отыр.
Әсіресе, жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі Орал қаласының үлесіне тиеді. Облыс орталығында 440 жол апатынан 7 адам қаза болып, 635-і жарақат алды. Мұның себебі Оралда халық саны 400 мыңға жетіп қалды. Облыста автокөлік 190 мыңнан асса, соның 70 пайызы Орал қаласында. Көлік қозғалысы көп шаһарда Әбілқайыр хан (23-0-23) мен Абай даңғылы (21-0-30), Жәңгір хан (17-1-27) және Шолохов (11-0-15) көшесі апаттық қауіпті көшелер болып есептеледі.
Сол секілді Орал-Ақтөбе (17-10-27), Чапаев-Жалпақтал-Казталов (8-3-18) және Подстепный-Елек (12-2-24) тас жолдарында апаттың жиілегені байқалады.
— Бұрын Орал-Атырау жолында жиі болушы еді?
— Бұл алдын алу іс-шараларының жемісі деуге болады. Мысалы, облыста 153 автоматтандырылған техникалық құрал орнатылғандықтан, жүргізушілер де абайлап жүреді. Соның өзінде осы техникалық құралдардың көмегімен 62 473 құқық бұзушылық анықталып, 589 млн теңге өндірілді. Облыста 6 «Аркан» автоматтандырылған жүйесі болса, соның төртеуі Орал-Атырау тас жолы бойында (Бударин, Мойылды, Киров су қоймасы бұрылысында, Ақбұлақ), біреуі Орал-Саратов тас жолында (Переметный), тағы біреуі Орал қаласы Құс фабрикасы тұсында орналасқан.
Шын мәнісінде қарапайым жол ережесін сақтаған адам өзінің өмірін де сақтайды.
— Сонда жол апаттары көбеюінің басты себептері неде деп ойлайсыз?
— Қазіргі кезде жеңіл-желпі жарақаттардың өзі есепке алынады. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу апатқа соқтырады. Соның ішінде жылдамдықты шектен тыс асыру, алдындағы көлікті басып озу, бұрылу кезінде, қиылыста жол ережесін сақтамау жиі кездеседі. Оған қоса жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтуі де тыйылмай отыр. Тағы бір негізгі себеп көлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану болып тұр. Бұл бағытта біз жол ережесін бұзуды анықтау жұмысын күшейттік. Соның нәтижесінде жыл басынан бері көлік айдап келе жатып, телефонмен сөйлескен 2 399 жүргізуші жауапқа тартылды.
Жалпы, республикалық маңызы бар жолдарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 35-тен астам автопатруль жұмылдырылады. Мұндағы ең басты мақсат — жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Мысалы, біз түнгі мезгілде трассада келе жатқан автокөлік жүргізушілерін тоқтатып, шаршаса, демалып, көз шырымын алу қажеттігін ұсынамыз. Бәрі де қас-қағым сәтте болуы мүмкін. Сондықтан сақтықты ешқашан ұмытпау қажет.
Ең көп жол-көлік оқиғаларының (547-34-830) жүргізушінің кінәсінен болғаны осыны аңғартады. Әрине, жаяу жүргіншілер де жол ережесін сақтауы тиіс. Өкінішке қарай, олардың кінәсінен 13 жол апаты болып, 2 адам көз жұмып, 11-і дене жарақатын алды.
— Жыл басынан бері жол ережесін бұзған қанша жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды?
— Иә, олардың саны азаймай отыр. Биыл екі мыңнан астам жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды. Облыс бойынша жыл басынан бері 125 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілсе, соның 821-і — көлікті мас күйінде айдағандар. Соның ішінде 81-і бұрын жүргізуші куәлігінен айырылса да, одан қорытынды шығармай, қайтадан масаң күйде рульге отырған. Мұндай адамдардың өзгелердің де өміріне қауіп төндіретіні мәлім.
— Соңғы кезде автокөліктер мен автобуста жасырын камералар орнатылды. Мұның тиімділігі қандай?
— Осыған дейін «Кибер-шериф» құрылғысының көмегімен 10 мыңнан астам құқық бұзу анықталды. Оған қосымша автокөліктің үстінде орнатылған 5 Ekin Patrol жүйесі құқық бұзуды анықтау бойынша жариялы түрде жұмыс істейді. Бұдан бөлек, X-Spotter кешені төрт автокөлік пен қалада жүретін бір автобуста жол қозғалысын жасырын бақылайды. Сонымен қатар Орал-Атырау және Самара-Шымкент жолдарында ұшқышсыз ұшатын 2 дрон қолданылады. Бұл құрылғылар жылдамдықты тіркемейді, тек мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көлікті жүргізу, басып озу қағидаларын бұзу, жолдың қарсы бетіне шығып кету сияқты бұзушылықты анықтайды. Қазірдің өзінде дрондардың көмегімен 20-дан астам құқық бұзу белгілі болды.
Мұның бәрі жол ережесін бұзуға тосқауыл қою мақсатында жасалып отыр.
— Елімізде заңға өзгерістер енгізіліп, мопедтерді тіркеу қолға алынғаны белгілі. Тұрғындар мопед тізгіндегендердің тым жылдам жүретінін айтып жатады. Бұған не дер едіңіз?
— Әрине, мопед жүргізушілері де ортақ тәртіпке бағынуы тиіс. Олардың қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 9 адам зардап шекті. Жыл басынан бері 207 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, 10 адам рульге масаң күйде отырса, соның үшеуі — осындай себеппен көлік жүргізу құқығынан айырылғандар. Сондай-ақ шлем кимеген, ұялы телефонға алаңдаған, жүргізуші куәлігінсіз мопед айдаған, тиісті тіркеуден өткізбегендер де бар. Соның ішінде 36-сы жасөспірім екендігі алаңдатады. Осыған орай 28 баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды.
— Сөзіңіз аузыңызда, жасөспірім демекші, қазіргі кезде мопед, скутер айдайтындар қалада ғана емес, ауылда да көбейді. Кейде тіпті тасалау көшелерде жүргізушілердің көліктің алдыңғы орындығына кішкентай баласын отырғызып алып келе жатқаны кездеседі. Осының бәрін полиция қызметкерлері қамтып үлгере ме?
— Біз қай-қайсысын да назардан тыс қалдырмауға күш саламыз, рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Заң мен тәртіптің бәріне бірдей екендігін әркім де ескеруі қажет. Біздің басты мақсатымыз — айыппұл салу емес. Бәрі де жүргізушінің мәдениетіне, тәрбиесі мен біліктілігіне байланысты. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген, әр ата-ана баласына кез келген көлік құралын сатып әперерде, оның жауапкершілігі артатынын құлағына құйғаны абзал. Сонымен қатар өздері тәртіп бұзбаса, бала да солай қалыптасады.
— Әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге сәттілік тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолды күтіп ұстамағаны үшін 66 лауазымды қызметкердің жауапқа тартылғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да автокөлік аударылып, екі адам көз жұмды.