Батыс Қазақстанда жұмысшы мамандықтары қалай оқытылып жатыр

Фото: Фото: БҚО білім басқармасы

ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында жұмысшы мамандықтарына оқыту жайы қалай? Осыған орай Kazinform тілшісі сала мамандарымен тілдесіп, мәселені саралап көрді.

Фото: БҚО білім басқармасы

Колледждерде маман даярлау жайы қалай?

БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллиннің айтуынша, облыстың кәсіптік білім беру жүйесінде 15 мыңнан астам контингенті бар техникалық және кәсіптік білім беретін 35 оқу орны жұмыс жасайды. Соның ішінде 26-сы — мемлекеттік, 9-ы — мемлекеттік емес колледждер. 

Оның сөзіне қарағанда жұмысшы кадр даярлау 69 мамандық және 102 біліктілік бойынша жүргізіледі. Колледждерде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім, өнер, денсаулық, қызмет көрсету, әлеуметтік ғылымдар және ақпарат, бизнес, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы салаларына мамандар даярланады. 

— Оқу жылына мемлекеттік білім тапсырысын орналастырып, өңір экономикасына қажетті кадр даярлау үшін сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіптер тізімі жасалып отырады. Биыл еңбек нарығын зерделеу нәтижесі негізінде жұмысшы мамандарды даярлауға 2024-2025 оқу жылына мемлекеттік тапсырыспен жергілікті бюджет есебінен 4 мың адам және соның ішінде кәсіпорындардың өтінімі бойынша кадрларды мақсатты даярлау бағытында 350 адам қабылданды, — дейді Б.Насимуллин.

Фото: БҚО білім басқармасы

Кәсіпкерлер палатасы мен білім басқармасы арасында кадр даярлауда қажетті жағдай жасау, әлеуметтік серіктестіктің негіздерін дамыту, дуальды оқыту бағытында бірлескен жұмыстар жүріп жатыр. Өңірдегі 22 колледжді өз қамқорлығына алу жөнінде 22 кәсіпорынмен келісім жасалған. 

2024-2025 оқу жылында тізілімде білім беру ұйымдары бекіткен және жұмыс берушілермен келісілген 305 білім бағдарламасы дайындалды.

— Еңбек нарығындағы мамандарға ұсыныс пен сұранысты теңгеру мақсатында облыстың кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кадрлар даярлауға кәсіпорындар тартылуда, соның ішінде дуальдық оқыту жүйесі 26 оқу орнында қолданылады. Дуальдық оқыту жүйесімен 2 501 білім алушы 51 мамандық бойынша оқытылады. Жұмыс жасайтын 114 мекеменің, шаруашылық субъектілерінің өндірістік базасында өндірістік машық ұйымдастырылады. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Стройкомбинат» ЖШС, «Агрореммаш» АҚ, «IT Group Kazakhstan» ЖШС, «Балзия» ЖШС және басқа кәсіпорындар колледждердің негізгі серіктестері ретінде белгіленді, — дейді Бисенбек Жамбылұлы.

Облыстың 4 колледжінде жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушылары үшін жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасы жүзеге асып жатыр. 

Фото: БҚО білім басқармасы

Атап айтқанда, «Сервис» технология колледжінде «модельер-пішуші», Сервис және жаңа технологиялар колледжінде «аспаз», Жаңақала колледжінде «есеп және аудит», «электр жабдықтары», М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде «дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша 75 жеткіншек бірінші мамандықтарын игеруде.

Тағы бір айта кететін жайт, Жол картасы аясында колледждер базасында «Бизнес Стартап» студенттік орталықтары ашылып жатыр. Осындай орталық 2023 жылы Теректі колледжінде, 2024 жылы Жоғары аграрлық-техникалық, Орал «Сервис» технологиялық колледждерінде отау тіксе, алдағы жылы Ақсай техникалық, Ақжайық аграрлық-техникалық колледждерінде өз есіктерін айқара ашпақ.

Орталық құрудағы мақсат — студенттердің қаржылық сауатын арттырып, игерген мамандығын табыс көзіне айналдыру үшін бизнес-жоспар жасауды үйрету, жеке кәсіппен айналысуға бағыт-бағдар бере отырып қолдау. 

Фото: БҚО білім басқармасы

Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және беделін арттыру, ынталы жастарды жұмысшы мамандықтар мен кәсіптерге тарту, әлеуметтік және бизнес әріптестермен ынтымақтастықты нығайту мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында Батыс Қазақстан облысында «AgroSkills Oral» салалық чемпионаты 2018 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл өз жемісін беріп отыр.  

Мысалы, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша 2022 жылы «AgroSkills-2022» республикалық кәсіби шеберлік байқауында Батыс Қазақстан облысы атынан қатысқан М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің ІІІ курс студенті Қуаныш Мұхитов үздік үштікке ілікті.

Ал өткен жылы аталмыш халықаралық байқауда Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Сәрсенбай Ақан бас жүлдеге ие болды. Биыл Бөкей ордасы колледжінің студенті Елдос Мұқанов екінші орыннан көрінді.

Б.Насимуллиннің мәлімдеуінше, қазіргі таңда жұмысшы жəне техникалық мамандықтардың дəрежесі мен мəртебесін арттыруда «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының орны ерекше. Бұл жас мамандар үшін білімінің нәтижесін тәуелсіз бағалау негізінде өзін-өзі танытуға, өз біліктілігін көрсетуге айрықша мүмкіндік береді.

Фото: БҚО білім басқармасы

2015 жылдан бастау алған өңірлік чемпионатта құзырет саны 50-ге дейін жетіп, облыс құрама командасы республикалық және халықаралық деңгейде де кәсіби шеберлігін шыңдап, жеңістіктерге жетіп келеді.

Биылғы нәтижеге ғана тоқталсақ, 10-15 қыркүйек аралығында Францияның Лион қаласында 70 елден 1 400 қатысушы бақ сынаған 47-ші әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан атынан Батыс Қазақстан облысынан «Веб-технология» құзыреттілігі бойынша Руслан Юсупов қатысып, үздік медальонға ие болды.

— 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» ұлттық жобасын іске асыру аясында бекітілген жоспарға сай Worldskills стандарты негізінде білім, білік және практикалық дағдыларының деңгейін анықтау мақсатында 2020 жылдан бері демонстрациялық емтихандар өткізіліп келеді. Осындай жаңа талаптарды енгізу арқылы жұмысшы мамандықтарына оқып жатқан жастардың білім-білігін арттыруға болады. Жалпы, колледждер кадрлармен толық қамтамасыз етілген, — дейді Б.Насимуллин.

Өңірде кадрларға қажеттілік қандай?

БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев өңір кәсіпорын-мекемелерінде кадрларға қажеттіліктің бар екенін айтады. Осыған қатысты жүргізілген онлайн-сауалнамаға 2 мың кәсіпкер қатысып, соның 29,5 пайызы қосымша қызметкерлерді жалдау туралы сұраққа оң жауап берген.

Фото: БҚО кәсіпкерлер палатасы

— Жалпы, өңірде 14 375 кадр (2024 жылға — 5 093, 2025 жылға — 4 629, 2026 жылға — 4 653) қажеттілігі анықталып отыр. Ең үлкен қажеттілік (13,4 мың адам) Орал қаласында тіркелді. Әсіресе, білім (5 959 адам), электр қуатымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен қамтамасыз ету (4 108), сондай-ақ денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету (1 667) салаларында кадр тапшылығы байқалады, — дейді Мақсат Мейрамғалиұлы. 

Оның нақтылауынша, жоғары білімі бар 3,8 мың, кәсіптік-техникалық білімі бар 1,4 мың, білімі жоқ 4 911, қысқа мерзімді курстардан өткен 4 214 адам қажет. 
Батыс Қазақстан облысында сұранысқа ие кәсіптер тізіміне автомобиль жүргізушісі (4 125 адам), санитар, медбике (1 533), бухгалтер (868), сатушы (798), мектептердегі тазалықшы (642), электр газбен дәнекерлеуші (540), күзетші (295) және басқалар кірген.

БҚО кәсіпкерлер палатасы өңір экономикасы үшін кадрларды даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға және аттестаттауға жәрдемдеседі. 

Кәсіптік бағдар беру кез келген елдің экономикасы үшін кадрлар даярлаудағы басты іргетас болып есептеледі. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы 2014 жылдан бері өскелең ұрпақ арасында кәсіптік бағдар беру, таныстыру, танымдық жұмыстарды жүргізіп келеді. 

Фото: БҚО кәсіпкерлер палатасы

М.Құланбаев жыл сайын білім басқармасының келісімімен кәсіптік бағдар беру іс-шараларының жоспары бекітілетінін жеткізді. Соның аясында он жылда облыстың 130 кәсіпорнына 600-ден астам экскурсия ұйымдастырылып, ол 9 мыңнан астам оқушыны қамтыған.

Сондай-ақ облыс колледждері мен жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері үшін офлайн және ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта қонақ дәрістер өткізу дәстүрге айналған. Онда табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен қайраткерлер өз тәжірибелерімен бөліседі.

Кәсіпкерлер палатасы өзі құрған «БҚО кәсіби бағдары» Youtube-арнасында техникалық және кәсіптік білім беру бағытында оқу орындары мен орталықтары туралы барлық ақпаратты орналастырады. Тоқсан сайын ұйымдастырылатын облыстық кәсіптік бағдар беру күніне 500-ден астам оқушы қатысады.

Жылына екі рет кәсіби бағдар берушілер үшін ақпараттық жұмыс жүргізіледі. Облыс оқушыларына көмек ретінде жаңа кәсіптер атласы әзірленді. Оған аймақ бойынша сұранысқа ие мамандықтар, болашақ мамандықтар, жоғары оқу орындары мен колледждердің тізімі енгізілді. 

Фото: Орал политехникалық колледжі

— Техникалық және кәсіптік білім экономиканың дамуында маңызды рөл атқарады. Бұл әртүрлі салалардағы заманауи сын-қатерден өтіп, мәселені шешуге қабілетті білікті жұмысшыларды даярлаудың негізі саналады. Біріншіден, ол инновациялар мен технологиялық прогресс үшін қажетті дағдылар мен білімді қамтамасыз етеді. Осы жүйеде оқитын студенттер озық технология мен жұмыс әдістерін меңгереді, бұл оларға еңбек нарығында сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді және кәсіпорындардың өнімділігінің өсуіне ықпал етеді. Осының арқасында техникалық және кәсіптік білім жүйесін белсенді дамытып, қаржыландыратын елдер әлемдік нарықтағы бәсекелестікте артықшылыққа ие. Екіншіден, аталмыш жүйе өнеркәсіпті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Техника, инженерия, ақпараттық технологиялар және басқа да кәсіби салаларда білім алған білікті мамандар инновациялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа өнімдерді әзірлеуге көмектеседі. Бұл экономикалық белсенділіктің өсуіне, инвестиция тартуға және жаңа кәсіпорындар құруға септеседі. Үшіншіден, техникалық және кәсіптік білім — жұмыссыздық пен кедейлік деңгейін төмендетудің негізгі факторы, — дейді М.Құланбаев. 

Ол сондай-ақ дуальды оқыту жүйесі бойынша да білім басқармасымен бірге нақты жұмыстар атқарылып жатыр. 

— Биыл 117 кәсіпорын Жол картасына қатысып, 2 482 студентті бірлесіп даярлау бойынша 46 ұйыммен шарт жасасты. Дуальды оқыту аясында 2023-2024 оқу жылында 934 адам бітірсе, соның 76 пайызы жұмыспен қамтылды. Биыл облыс колледждері директорларының бұйрығымен оқу орнынан 46 тәлімгер тағайындалды. Бұлардың қатарына өндірістен 132 тәлімгер қосылды. Бұл — жұмысты тиімді жүргізудің бір кепілі, — дейді БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры.

Фото: Орал политехникалық колледжі

Өндірістік оқыту шеберлері не дейді?

Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің өндірістік оқыту шебері Бақтияр Қалиев жұмысшы мамандықтарына оқыту деңгейі жоғары деңгейде деп есептейді. 

— Еңбек нарығына қажет мамандарды даярлауда колледждердің мүмкіндігі зор. Соның ішінде Батыс Қазақстан индустриалды колледжі дуальды оқыту жүйесі бойынша басты әлеуметтік серіктесіміз «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-мен келісімшарт негізінде тығыз байланыста жұмыс істеуде. Студенттеріміз теорияда алған білімін өндірісте шыңдап, білікті маман болып шығып, кейін сол зауытқа орналасып жатады. Жалпы, қаладағы ірі кәсіпорындармен кадр даярлау бағытында өз жұмысымызды жүргізіп жатырмыз. Жыл сайын 25 студенттен іріктеп, сол зауыттарға дайындаймыз. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында дәнекерлеу ісі, токарь мамандығы бойынша білім алып шыққандар кәсіпорындарға орналасты. Президентіміздің алдағы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай колледждердің материалдық-техникалық базасы одан сайын нығайып, жақсы маман даярлаудағы мүмкіндіктері молаяды деп сенеміз, — дейді Б.Қалиев.

Фото: Орал политехникалық колледжі

Орал политехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Қуаныш Нұрмұханов елімізде жұмысшы мамандықтарға қазіргі уақытта жастардың қызығушылықпен келіп жатқанын айтады. 

— Өзім Орал политехникалық колледжінде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істеп келе жатқаныма 10 жылдан асты. Оқуға түскен түлектердің өз мамандығын меңгеріп, бәсекеге қабілетті маман болып шығуы үшін еңбектеніп келемін. Орал политехникалық колледжі де «Отделстрой» ҚКФ» ЖШС, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Агрореммаш» АҚ, «ОралПолимер», «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы», «Квант» ЖШС сияқты іргелі кәсіпорындармен «Колледж — студент — кәсіпорын» үш жақты және «Дуальды оқыту туралы» келісім-шартқа отырды. Жалпы, дуальды оқыту жүйесін енгізу кезінде әлеуметтік әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөлінетіні анық. Өйткені қазіргі кезде теориядан гөрі машыққа көбірек мән берілуде, — дейді Қ.Нұрмұханов. 

Оның пайымдауынша, машықта түлектер өздерінің болашақ мамандықтары туралы біліп, берілген жұмыстарды жасауға тырысып, мамандыққа деген қызығушылығын арттырады.

Фото: Батыс Қазақстан индустриалды колледжі

Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту мақсатында WorldSkills өңірлік, республикалық, ұлттық чемпионаты кәсіптік білімнің дамуына оң әсерін тигізуде. Студенттер өз мамандығы бойынша тапсырмаларды шеше отырып, техникалық қабілетінің қаншалықты екенін көрсетеді. 

— Сайып келгенде, студенттерге теориялық білім берумен бірге оларды өндірістің қайнаған ортасымен таныстырып, соған бейімдеу аса маңызды. Оған қоса шәкірттеріміздің арасында бизнес белсенділігі мен бастамасын көтермелеу үшін қолайлы инновациялық орта құру, колледж студенттерінің үздік startup, бизнес-идеяларын, жобаларын іске асыру, білім алушылардың кәсіпкерлік құзыретін дамыту мақсатында республикалық «Мен — кәсіпкермін» гранд турниріне де қатыстырып отырамыз. Осындай сайыстар арқылы жастар білім-білігін арттырады, өздерінің арман-мақсатына жету жолында шыңдала түседі, — дейді Қ.Нұрмұханов.

Жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту қазіргі кезде аса өзекті. Әр саланың кәсіби мамандарын даярлау ісін естен шығаруға болмайтыны түсінікті. 

Фото: Батыс Қазақстан индустриалды колледжі