Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, септиктің істен шыққанына жарты жылдай уақыт болған.
- Кәріз сулары сыртқа шығып, жертөлелер мен бау-бақшаларға құйылуда, сасық иістен демалу мүмкін емес. Адамдар лас сулардың жанымен жүруге мәжбүр. Бұл аумақтың санитарлық тазалығына да қауіп төндіруде. Біз әкімдікке бірнеше рет өтініш жасадық, жауап біреу – сорғы істен шыққан, ештеңе жасай алмаймыз. Біз қоғам мен жауапты адамдардың назарын осы мәселеге аударып, нақты шаралардың қабылдануын сұраймыз, - дейді тұрғындар.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Бәйтерек ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, сорғының істен шығуының басты себебі кәріз жүйесіне жаялық, майлық, қолданылған мата және басқа тұрмыстық қалдықтардың түсуі болып табылады. Бұл жабдықтың істен шығуына әкеледі.
- Кәріз жүйесіне аталған заттардың түсуіне байланысты сорғыны үнемі жөндеп, ауыстыру елеулі қаржылық шығындарды қажет етеді. Сондықтан кәріз жүйесін пайдалану ережесін сақтап, оған тұрмыстық қалдықтардың түсуіне жол бермеу қажет. Қазіргі кезде бәрі қалыпты жұмыс істеп тұр, - делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кірпіш зауытының жұмысы неліктен тоқтап қалғанын жазған едік.