— Қажымұрат Мақсотұлы, Шалқар көлі бұрын гидрологиялық қорыққа жатқызылған екен. Оны қайта құрудың қажеті бар ма?
— Шалқар биогидрологиялық қорығы 1992 жылы кәсіпшілік балық қорын қалпына келтіру және құстардың бағалы түрлерінің ұя салатын жерлерін сақтау мақсатында облыстық әкімшіліктің шешімімен ұйымдастырылды. Қорық көлдің шаруашылық игеру, балық қорын пайдалану қажеттілігіне байланысты облыстың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының тізімінен шығарылған. Екі табиғат пайдаланушы Шалқар көлінің балық ресурстарын пайдаланды. Сондай-ақ 2002 жылы жағалауда демалысты ұйымдастыру үшін арнайы «Шалқар табиғаты» мемлекеттік кәсіпорны құрылды.
Мемлекет Шалқар көлінің бірегей табиғи кешендерін қорғауға алуға тиіс деп есептеймін. Әрине, көлді туристік және рекреациялық пайдалану қажет, оны жағажай аймағындағы Сарыөмір ауылы айналасында ұйымдастыруға болады. Алайда көлдің қалған бөлігі, Сасай және Сантас таулары белгілі бір қорғау мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналуы керек.
— Қорық мәртебесі қайтарылған жағдайда мұның артықшылық жақтары қандай?
— ҚР заңнамасына сәйкес қорықтардың мәртебесі, оларды құрудың мақсаты өсімдіктер мен жануарлардың бағалы, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, сулы-батпақты жерлердің құнды объектілері мен кешендерін сақтау және қалпына келтіруді көздейді. Оған қоса халық үшін экскурсиялар, мұражай ісі және басқалай үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік табиғи қаумалдар ғылыми, экологиялық-ағартушылық, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланылады.
Мемлекеттік табиғи қаумалдар заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады, олар жерді алып қоймай құрылады. Қаумалдағы табиғи-қорық қорының объектілерін қорғау меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жергілікті атқарушы органдар белгілеген табиғат пайдалануға тыйым салулар мен шектеулерді сақтау жолымен қамтамасыз етіледі.
Биоалуантүрлілікті сақтау және оны орнықты дамыту мақсатында Шалқар көлі аумағында осы аумақтар бекітілетін мемлекеттік мекемелерді контейнерлік үлгідегі тұрғын үйлер, көлік құралдары, қызметтік қарумен, нысанды киім-кешектің қажетті санымен қосымша жарақтандыру қажет және мемлекеттік инспекторларды ұстауға қаржы қаражаты көзделеді.
Сондай-ақ мемлекеттік табиғи қорықты, ұлттық табиғи саябақты немесе заңды тұлға мәртебесі бар республикалық маңызы бар табиғи резерватты құру мүмкіндіктерін қарастыруға болады.
Шалқар көлі мен оның маңайында антропогендік түрлендірілген жерлерде ұшыраса бермейтін сирек өсімдіктердің, жануарлар мен құстардың, өсімдіктердің көптеген түрі кездеседі. Сондықтан мұндай мәртебесі бар аумақ қажет. Егер адамның шаруашылық қызметінен бірегейлік белгілері бар, әлі зардап шекпеген жерлер болса, онда оларға Батыс Қазақстан облысындағы экологияға жауапты мемлекеттік органдардың мамандары мен ғалымдар қауымдастығы неғұрлым мұқият назар аударуға тиіс екенін түсінген абзал. Мүмкін, қосымша ғылыми зерттеулерден кейін олар Шалқар көлі мен оның айналасын облыстың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының тізіміне қайта енгізе алады. Сонымен бірге зерттеудің жүйелілігі Шалқар көлі аймағындағы өсімдіктер мен жануарлар тізімін толықтыруға ықпал етуі мүмкін.
— Жалпы, Шалқар көлі қашан пайда болған, ондағы су көлемі азайып келе ме? Су құрамының тұздануы туралы не айтар едіңіз?
— Шалқардың шығу тегі тұзды күмбезді тектоникамен байланысты. Батыс Қазақстан облысының аумағында жер астында тұзды күмбездер орналасқан, олар даму процесінде ұлғаяды, олардың жоғарғы бөлігі құлап кетеді. Бұл шөгінділер деп аталатын жерлерде көлдер пайда болады. Екі Сантас және Сасай таулары бар Шалқар көлі тұзды күмбезді тектоникаға негізделген тұзды-күмбезді ландшафттың жарқын мысалы болып есептеледі.
Шалқар көлі — 12-13 мың жыл бұрын толқындары шулы болған ежелгі Хвалын теңізінің қалдығы. Ғалымдардың пайымдауынша, тарихқа дейінгі дәуірде бүкіл қазіргі дала осы теңіздің түбі болған, яғни көлдің шығу тегі қазіргі уақытқа дейін жалғасып келе жатқан Каспий теңізінің трансгрессивті-регрессивті тербелістерімен байланысты. Көл тостағанының маңында палео-Каспийдің ерте және кеш хвалын трансгрессияларының шөгінділері ашылады. Кеш хвалын деп аталатын соңғы ірі трансгрессия шамамен 11,5 мың жыл бұрын болған, содан кейін аймақтың континентальды дамуы басталды.
Шалқар көлінің, Есенанқаты және Шолақанқаты өзендерінің су сынамалары мен түбіндегі шөгінділердің үлгілеріне жүргізілген зерттеулер көңіл көншітпейді. Жоғары тұздану, аниондардың көптігі, минералдануы, қаттылығы, тотығуы бар, бұл су сапасын жақсартуға және су айдынын толтыруға мүмкіндік бермейді. Көлдің ауданы жыл сайын азаяды және судың тұздылығының өсуі байқалады. Менің жеке пікірім, адам өз қызметімен бұл процеске әсер ете алмайды. Табиғаттың өзі реттейді, көпжылдық табиғи циклдар бар, климаттың жылыну процесі жүріп жатыр. Адам тек табиғи процестерге бейімделе алады, табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін экономикалық қажеттіліктерін азайтады.
— Көлдегі биоалуантүрлілікті сақтау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Көлдің оңтүстік жағалауында рекреациялық инфрақұрылым дамуда, шығысында, тұщы суы бар өзендердің құятын жерлерінде мал шаруашылығы, балық аулау өріс алған. Мал саны салыстырмалы түрде аз. Балық аулау үшін барлық дерлік су аймағы қолданылады. Солтүстік және солтүстік-шығыс жағалауларында суда жүзетін спорттық аң аулау бар. Бұрын болған ең құрғақ жылдары көлдің мезгіл-мезгіл айтарлықтай кебуі елеулі табиғи қауіп болып есептеледі.
Шалқар көлі деңгейінің төмендеуі бірегей экожүйенің жойылуына әкелуі мүмкін, ал жануарлар мен құстардың көптеген түрі әдеттегі мекендеу және қоректену орындарынан айырылады. Құстардың көптеген түрі үшін азық-түлік ресурсы — балық санының азаюы оның көп аулануына байланысты күрделі мәселе болып тұр. Көлдің таяздануымен күресу үшін түбегейлі іс-шаралар қарастырылмаған. Дегенмен ағынды арттыру үшін көлге құятын өзендер суының жеке бөліктерін өсімдіктерден тазарту, балықты өсіру және экожүйені жақсарту үшін оны көлге жіберу сияқты кейбір жұмыстарды қолға алуға болады. Көлдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін қамысты сақтау және қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет. Дайын шешімдер жоқ. Көл жеке көзқарасты талап етеді, барлық шаралар алдымен ғылыми негізделіп, экологиялық сараптамадан өтуі керек. Оған қоса көлдің таяз жағдайында балықшыларға балық аулау ережелері мен мәдениетін сақтауға, су объектілерін тазартуға қатысуға, жағалаудағы өсімдіктерді қорғауға және экологиялық талаптарға сәйкес келетін құралдарды қолдануға кеңес беріледі.
— Қызыл кітапқа енгізілген осы маңдағы аң-құстардың азаюының сыры неде?
— Шалқар көліндегі биологиялық әртүрліліктің қысқаруының себебі көлге өзендерден келетін су көлемінің азаюына байланысты оның таяздануынан болып отыр. Ал көлдің таяздануына жаһандық жылыну, тектоникалық процестер әсер етеді. Бұрын жақсы жем-шөп жағдайы бар балықтардың үлкен қоры, жазда судың жақсы жылынуы және бір шақырымдық қамыс таспалары мұнда көптеген су маңындағы және суда жүзетін құстарды тартты. Қазіргі уақытта қамыс қопалары кеуіп қалды, балықтар уылдырық шашпады, құстардың ұялары жоқ, көлдің азықтық өнімділігі апатты түрде төмендеді. Шалқар көлі Қазақстанның негізгі орнитологиялық аумақтарына жатады.
Шалқар көлі — Қазақстанның батыс бөлігіндегі үлкен сұқсыр, құтан, отүйрек, сұр және ақ маңдайлы қаздардың, өзен және сүңгуір үйректердің, шағалалар мен құмсалғыштардың көші-қон шоғырларының маңызды орны болып саналады. Шалқар көлі облыстың резервтік балық шаруашылығы су айдыны болып есептеледі. Қазіргі уақытта билік бірегей көлді дамыту және сақтау үшін ірі инвесторларды тарту, оның ішінде балық шаруашылығын дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Қорыта келгенде, айтарымыз, Шалқар көліндей табиғи байлығымызды жоғалтпау халық үшін аса маңызды, біз оны кейінгі ұрпаққа тұрақты күйінде қалдыруымыз керек.
— Әңгімеңізге рақмет!
Еске салайық, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Шалқар көлін туристік орталыққа айналдыра аламыз ба, соны жазған едік.