Батыс Қазақстандағы зауытты шикізатпен қамту мәселесіне Энергетика министрлігі пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауытына Ресейден шикізат жеткізілуі тоқтауы мүмкін деген ақпаратқа байланысты Энергетика министрлігі түсініктеме берді.

Фото: ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы

Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдің «Татнефть» компаниясына тиесілі «ТАНЕКО» мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылдан кейін Қазақстанға нафта мен конденсат жеткізу үзілуі мүмкін екені туралы ақпарат тараған еді. 

Reuters агенттігінің мәліметінше, 12 маусымда ресейлік компания осы оқиғадан кейін зауытта мұнай өңдеуді уақытша тоқтататынын жариялады.

ҚР Энергетика министрлігі Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында «Конденсат» АҚ басшылығының мәліметіне сілтеме жасап, Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпорын жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатқанын, өндірістік процестердің тоқтамағанын мәлімдеді.

- Қазіргі уақытта кәсіпорынға қажетті шикізатты жеткізу бекітілген кестеге сай, үздіксіз жүзеге асырылып жатыр. Отандық зауыттарды шикізат ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесі ҚР Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында, — делінген ведомство хабарламасында.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның солтүстік аймақтарын қамту мақсатында Ресейден 6,3 миллиард текше метр газ импорттау жоспарланғаны хабарланған еді.