Батыс Қазақстанға ұшқышсыз ұшатын аппарат құлады

Фото: Фото жергілікті тұрғындардан алынды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас заттың табылуына байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, зат Тасқала ауданында елді мекеннен қашық аумақта құлаған. 

— Зат тұтас күйінде табылған, ақауы байқалмайды. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде, — деп хабарлады ведомстводан. 

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, аталмыш зат Қазақстан ауылдық округі Атамекен ауылынан 18 шақырым жерде 18 наурыз күні табылған. Оның ұзындығы 3 метр шамасында. 

Бұдан дәл бір ай бұрын осындай зат Бөкей ордасы ауданы аумағына құлаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО аумағына ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас зат құлағанын жазған едік.