Батыс Қазақстанның Аңқаты ауылында 16 үйге су кірді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Аңқаты ауылында жауын-шашынның мол түсіп, қардың еруіне байланысты 16 үйге су кірді.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 8 аула аумағын су басқан.
«Қазіргі уақытта 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілді. Үй жануарлары мен құстар қауіпсіз жерлерге шығарылды. Су деңгейін түсіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында шаралар қолға алынуда. Осындай жұмыстарға ТЖД жеке құрамынан 21 адам, 4 техника, 2 мотопомпа мен 1 қайық, жергілікті атқарушы органдардан 12 адам, 3 техника, полиция департаментінен 2 адам, 1 техника тартылған. Сонымен қатар БҚО ТЖ департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Руслан Қасыбаев оқиға орнында жүр», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 500-ден астам үй мен 15 кәсіпорын газсыз қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Орал қаласында бірнеше нысан мен 5 көпқабатты үйдің жертөлесіне су кірді. Осы оқиғаларға байланысты Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жарияланды.