БҚО университетінде түйе сүтінен балмұздақ пен йогурт жасау қолға алынды
ОРАЛ. KAZINFORM – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Тағам қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу зертханасында түйе сүтінен балмұздақ пен йогурт жасала бастады.
Зертхана меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Аян Оразовтың мәлім еткеніндей, түйе сүтінен балмұздақ пен йогурт жасау идеясы бұдан екі жыл бұрын ойына келген.
Аян Жарылқасынұлының сөзіне қарағанда, өзінің диссертациясын қорғап келіп, жас маман ретінде жұмысқа орналасқаннан кейін ғылыми жетекшісімен бірге жаңа өнім түрлерін шығаруды ойластыра бастаған. «Жас ғалым» конкурсының гранттық қаржысын иеленіп, осы ғылыми жобасын жүзеге асырған.
- Біздің зертханамыз биылғы қыркүйек айынан бері жұмыс істей бастады. Түйе сүтінде ақуыз мөлшері жоғары екендігін ескере отырып, алдымен балмұздақ жасауды қолға алдық. Мұның себебі – балмұздақтың балалар арасында танымал тағам екендігі. Дұрыс тамақтанбау ағзаға теріс әсер етеді. Біздің мақсатымыз – тағамның сапалық көрсеткішін арттырып, рационды реттеуге септесу. Түйе сүтінен жасалған балмұздақ ағзаға қажетті заттарды бөледі, тез қорытылады. Күні бүгін балмұздаққа өнертабыстық патент алдық. Ал йогуртқа өтініш беріп қойдық, - дейді А.Оразов.
Оның айтуынша, балмұздақ дайындау технологиясы рецептураға сәйкес қоспаларды араластырудан басталады. Түйе сүті, қант, қосымша дәмдеуіштер, басқа да қоспалар қосылады. Екі-үш сағат бойы тұрақтандырудан кейін ауамен қанықтандырылып, фрезерлік аппарат арқылы дайын өнім алынады.
Маманның мәлімдеуінше, түйе сүті Батыс Қазақстан мен Атырау облысындағы шаруа қожалықтарынан әкелінеді. Түйенің түріне, жеріндегі шөбіне байланысты сүтінің құрамында өзгешеліктер болады. Сүттің майлылығы сиырдікінен кем емес. Мысалы, Атырау облысынан жеткізілген түйе сүтінің майлылығы 10 пайыз болды.
- Жалпы, елімізде түйенің шұбатын ұнтақ түрінде өндіру қолға алынғанымен, ол әріге бармай қалып жатады. Сондықтан түйе сүтінен бірнеше өнім түрін өндірген әлдеқайда тиімді болмақ. Біздің мақсатымыз – болашақта балмұздақ пен йогуртты өндірістік негізде өндіруге ғалым ретінде өз үлесімізді қосу, - деді А.Оразов.
Университеттің тағам қауіпсіздігі мамандығының 1 курс магистранты Сәнді Ғилман йогурттың жасалу жолын айтып берді.
- Сүтті пастерлегеннен кейін 40-40 градусқа дейін жылытамыз. Қажетті қоспалар қосылады. Қазіргі кезде йогурттің төрт түрін жасап шығардық. Оның қышқылдығын анықтаймыз, түптеп келгенде, қайсысы талапқа сай келеді, соның бәрін зерттеу үстіндеміз. Бұл дәмдеуіштерсіз табиғи таза өнім болып есептеледі, - деді С.Ғилман.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық ғалымдардың киік етінен шұжық жасап шығарғанын жазған болатынбыз.