Батыста браконьерлерден 8 тоннадан аса балық пен 10 келі уылдырық тәркіленді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау, Маңғыстау және БҚО-да екі айға созылған «Бекіре-2026» акциясының нәтижесінде 1 239 құқықбұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 8,4 тоннадан аса балық алынды.

Фото: АШМ

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсинның айтуынша, тәркіленген балықтың 1 тонна 235 келісі бекіре тұқымдас. 10 келіден астам бекіре уылдырығы анықталған. Сондай-ақ балық аулауға пайдаланылған 1 237 дана ау құралы мен 106 жүзу құралы мен көлік тәркіленген.

— Акция барысында инспекция қызметкерлері полиция және Шекара қызметімен бірлесіп, Жайық пен Қиғаш өзендерінің криминогендік учаскелерінде, сондай-ақ Каспий теңізі акваториясында бақылауды күшейтті, — деді Нұрлыбек Гайсин.

Балық қорғау іс-шарасы кезінде барлығы 1 239 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде 936 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 57 іс сотқа жолданған. Құқықбұзушыларға жалпы сомасы 25,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Инспекция басшысының мәліметінше, акция аясында 33 қылмыстық іс қозғалған.

— Қазір құқық бұзушылардан балық ресурстарына келтірілген залалды өндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 890 млн теңгені құрайды, — деп тллықтырды инспекция басшысы.

Ал Атырау облысының өзінде 4 тонна 941 келі балық тәркіленген. Оның ішінде 925 келі 300 грамы бекіре тұқымдас балық. Бұдан бөлек, шамамен 1 келі бекіре уылдырығы, 26 балық аулау құралы және 10 су көлігі тәркіленді.

Ал Атырау облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Аманжан Жұмалиев өңірде «Бекіре-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 236 құқық бұзушылық анықталғанын айтты.

— Оның 222-сі заңсыз балық аулау және балық аулау қағидаларын бұзу деректеріне қатысты. Сонымен қатар 12 факт балық пен балық өнімдерін заңсыз тасымалдау және әкету бойынша тіркелді, — деді Аманжан Жұмалиев.

Акция қорытындысы бойынша Атырау облысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339 бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу) бойынша 10 қылмыстық іс, 335 бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу)
бойынша 1 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 383 бабымен (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) 221 адам жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін Маңғыстауда итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың өлексесі табылғанын жазған едік.