«Батпаққа батып қалдық»: ШҚО-да ауылішілік жол сапасыз жөнделген

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Теректібұлақ ауылында көлік жолы сапасыз жөнделген. Алғашқы жаңбыр жауысымен-ақ ми батпаққа айналып, бірінен кейін бірінің көлігі батқасын тұрғындар ҚазАқпарат тілшісіне хабарласып, шағымдарын жеткізген-ді.

Фото: Теректібұлақ ауылы тұрғындарынан

Ауыл тұрғынының айтуынша, Жабаев көшесінен Сарқытбаев көшесіне дейінгі жол биыл жазда жөнделген. Алайда, жөндеу жүргізген мердігер компания қиыршық тастың орнына сары топырақ пен құм төгіпті.

«Оның үстіне суағар да жасамаған. Алғашқы жаңбыр жауа сала жолымыз батпаққа айналып кетті. Көліктер арлы-берлі өте алмай, қайта-қайта батып қалып, жүргізушілер бір-бірлерінің көліктерін сүйреп, әрең шығарды», - деді Қамаш есімді тұрғын. 

Анық-қанығын білу үшін Күршім ауданының әкімдігіне хабарластық. Әкімдік мәліметі бойынша, бүгінде Теректібұлақ ауылында 338 адам тұрады. Осы жылы елді мекендегі Уәлиханов, Абай, Сарқытбаев және Жабаев көшелері жөндеуден өткен.

«Теректібұлақ ауылының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 50 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алуға қатысқан «Өскемен Тазалық» ЖШС бағаны 43 млн теңгеге түсіріп, конкурсты ұтып алды. Ауыл тұрғындарынан жолдың сапасына қатысты әкімдікке шағым түскен жоқ. Алайда, мердігермен жасалған келісімшартқа сәйкес, жолдың бұзылған жерлері қалыпқа келтіріледі», - деп жауап берді аудан әкімдігінен.

«Жолдың бұзылған жерлері қалыпқа келтіріледі». Әкімдіктің осы уәдесінің орындалуын күтіп, бірнеше күн өткеннен кейін ауыл тұрғындарынан хабар алдық.

«Сіздерге айтқаннан кейін мәселе шешілді. Ауыл әкімі мен жолды жөндеген компания өкілдері келді. Жолға қиыршық тас төседі. Қазір көліктер батпайды. Су өткізгіш құбырлар да орнатылатынын айтты. Көп рахмет!» - деді тұрғындар.  

 

Фото: Теректібұлақ ауылы тұрғындарынан