Батумидегі футбол матчындағы тәртіпсіздіктер: Грузия мен Түркияда оқиғаға қалай баға берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Батумиде Түркияның «Бешикташ» футбол клубының жанкүйерлері мен Грузия полициясы арасындағы қақтығыстан кейін, 16 адам ұсталды.

Фото: Anadolu

26 қарашада Батумидегі стадионда «Бешикташ» пен Израильдің «Хапоэль» командасы арасындағы матч алдында тәртіпсіздік болып еді. Соның салдарынан, хабарларға қарағанда, үш полиция қызметкері жарақат алған.

Фото: Ajara PMC via Facebook

Грузия Ішкі істер министрлігі матч кезінде полицияның әрекеттерін түсіндірді. Оған сәйкес, «Бешикташ» жанкүйерлері «Еуропа» алаңынан стадионға бара жатқанда олар мен полиция қызметкерлері арасында қақтығыс болған. Министрліктің мәліметінше, кейбір жанкүйерлер қорлайтын сөздер айтып, түрлі заттарды лақтырып, құқық қорғау органдарының талаптарына пысқырмаған.

Шиеленіс стадион ішінде де жалғасқан. Министрліктің мәліметінше, кейбір жанкүйерлер стадион инфрақұрылымына, орындықтарға зақым келтірген, тіпті оларды жұлып алып, полиция қызметкерлеріне қарай лақтырған.

Министрлік құқық қорғау органдары тәртіпсіздіктердің алдын алу, шиеленісті азайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы құралдарды қолданғанын атап өтті.

Ішкі істер министрлігі сонымен қатар БАҚ-та таралған, «қауіпсіздік күштері Палестинаны қолдайтын жалаулар мен баннерлердің көрсетілуіне байланысты күш қолданғаны» туралы хабарламаларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, қақтығыстар жанкүйерлер стадионға бара жатқанда, яғни жалаулар мен баннерлер көрсетілмес бұрын басталғанын атап өтті.

— Кейбір шетелдік БАҚ полицияның күш қолдануы Палестинаны қолдайтын жалаулар мен баннерлердің көрсетілуіне байланысты деген ақпарат таратып жатыр. Грузия Ішкі істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Грузия Ішкі істер министрлігі ел заңнамасын сақтау, азаматтығынан немесе ұлтынан тыс, Грузиядағы барлық адамдар үшін міндетті екенін ескертеді, — делінген мәлімдемеде.

Батумидегі оқиғадан кейін «Бешикташ» та мәлімдеме жасады

Ыстанбұлдың «Бешикташ» футбол клубы Батумидегі УЕФА Еуропа лигасы матчы алдында Грузия құқық қорғау органдарының жанкүйерлерге шамадан тыс күш қолданғанын айыптады.

— Қауіпсіздік қызметкерлері жанкүйерлердің стадионға кіруіне кедергі келтіріп жатқаны белгілі болғаннан кейін, біз дереу УЕФА өкіліне хабарластық. Нәтижесінде стадионның апаттық шығу жолдары ашылды, бұл біздің жанкүйерлеріміздің тез және қауіпсіз кіруіне мүмкіндік берді, — деп мәлімдеді түрік клубы.

Фото: Anadolu

«Бешикташтың» мәліметінше, клуб жанкүйерлерге шамадан тыс күш қолдану мәселесі бойынша Батумидегі Түркияның Бас консулдығымен және УЕФА-мен байланысқан. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған да бұл оқиғаға назарын аударған.

— Біз президентіміз Сердал Адалымен сөйлесіп, жағдайды мұқият бақылап отырғанын білдірген, болған оқиғаға байланысты клуб пен жанкүйерлерімізді қолдайтынын жеткізген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға алғысымызды білдіреміз, — делінген клубтың мәлімдемесінде.

Оқиға дипломатиялық деңгейде талқыланды

Қақтығыстан кейін Түркия мен Грузияның ішкі істер министрлері Мустафа Чифтчи мен Сулхан Тамазашвили телефон арқылы сөйлесті. Сонымен қатар, екі елдің сыртқы істер министрлері Хакан Фидан мен Мака Бочоришвили де жағдайды талқылады.

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Түркияның ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи түрік жанкүйерлеріне қарсы шамадан тыс күш қолданылғанына наразылығын білдіріп, олардың Түркияға қауіпсіз оралуын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды талап еткен.

Грузияның ішкі істер министрі Сулхан Тамазашвили жағдайды реттеу және полицияның одан әрі күш қолдануын болдырмау үшін стадионға өзінің орынбасарын жібергенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ спорт жанкүйерлері жалпы қызуқанды болып келетінін, сондықтан құқық қорғау органдары «қызметкерлері бұл агрессияны бақылау үшін қажетті ең аз күш қолданғанын» тілге тиек етті.

 

Айта кетейік, тәртіпсіздік салдарынан матчтың 26-шы минутында шамамен 30 минутқа ойын тоқтатылды, бірақ үзілістен кейін қайта жалғасты. «Бешикташ» 2-1 есебімен жеңіске жетті.

Batumelebi басылымының хабарлауынша, Ыстанбұл клубын қолдау үшін Түркиядан Батумиге 15 000 жанкүйер келген. Қалада бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары қабылданды, көшелерге және стадионның тікелей сыртына бірнеше мың полиция қызметкері орналастырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматының «Қайраты» тарихи жеңістен кейін УЕФА Конференциялар лигасының турнир кестесінде жоғарылағанын хабарлаған едік.