«Батыл Жүрек» фильмі Қазақстанда 21 маусым күні қазақ және орыс тілдерінде көрсетіле бастайды

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Әнші Мақпал Исабекова Disney/Pixar студиясының Қазақстан кинотеатрларында қазақ және орыс тілдерінде көрсетілетін «Батыл жүрек» анимациялық фильмінде екі әнді орындады.

Фильмнің қазақша нұсқасын шығару жобасын «Болашақ» Қауымдастығы, «Алтын қыран» қоры және Marwin брендімен «Меломан» компаниясы жүзеге асырды.

«Батыл Жүрек» -Disney/Pixar студиясының қазақ тілінде шығатын екінші анимациялық фильмі. 2011 жылдың маусым айында көрсетілген «Көліктер 2» секілді бұл фильм де автордың ойын дәл жеткізу үшін мәтін ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылды Аударылған диалогтарды, сонымен қатар, кейіпкерлердің еріндерінің қимылына бейімдеу қажет болды. Фильмді көргенде кейіпкерлер қазақ тілінде сөйлеп тұрғандай болып көрінеді.  Кейіпкерлердің сөздері мен сөйлемдерінің ұзақтығы мен мағынасын сақтау мәселесін де шешу қажет болды.

«Мәтінмен жұмыс істеу барысында ағылшын тілінде актерлердің тез сөйлейтіндігіне тап болдық. Нәтижесінде ағылшын тіліндегі 3 сөздің орнына қазақ тілінде бір сөз енгізе алған жағдайлар болды. Кей жерлерде ағылшын тіліндегі сөздер қазақ тілді нұсқасынан алып тасталды (сөйлемнің мағынасы мен фильмнің драматургиясына теріс әсер етпеген жағдайда)», -  дейді мәтін редакторы Салтанат Еркін.

«Қазақ тілінде кейіпкерлерді дыбыстауды әрдайым қызық деп ойлайтынмын. Қателеспеппін. Студияда жұмыс істеу маған өте ұнады. Енді менің даусыммен қазақ тілінде Анжелина Джоли немесе Риз Уизерспун секілді жұлдыздардың сөйлеуін армандаймын - дейді Мақпал Исабекова. - Дыбыстау барысында ағылшын тілді нұсқасының мағынасын, интонациясын және кейіпкерлердің мінез-құлықтарын сақтауымыз қажет болды. Жұмыстың қиындығы да, қызықтығы да осы».

Дубляж жұмыстары 1-12 мамыр күндері аралығында Алматы қаласындағы Cinema Tone Production студиясында жүргізілді. Жобаның жүзеге асырылуына Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей елдерінің мамандары қатысты. Жобаның бас демеушісі - «Алтын Қыран» қоры. Фильмнің қазақ тілді нұсқасын шығару бюджеті - 19 миллион теңге.

«Батыл Жүрек» фильмі Қазақстанның кинотеатрларында 21 маусым күні қазақ және орыс тілдерінде көрсетіле бастайды.