Бұл сайыс - қатысушылар өзінің сыртқы сымбатынан бөлек дене даярлығын, қаруды пайдалана білу шеберлігін және нағыз кедергілер жолағынан өте алуын көрсететін еліміздегі бірден-бір айрықша байқау. Екінші рет өткізіліп отырған «Батыр арулар» байқауының қатысушыларына нәзік жанды бұрымдылардың шама-шарқы жете бермейтін бірнеше күрделі сынақтардан өтуге тура келеді, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
Әскери қызметшілер оқ атып, гранаталар лақтырып әртүрлі кедергілерді еңсереді, сондай-ақ су бөгеттерінен жүзіп өтіп, қуатты жауынгерлік машиналарды басқаратын болады. ҚР ҚК-нің әскери қызметші қыз-келіншектері арасындағы «Батыр арулар - 2016» байқауына қатысу үшін өтініш сауалнамаларды қабылдаудың аяқталуына тура бір ай қалғанын айта кетейік. Байқау ақпанның басында басталған еді. Бүгінгі күні ұйымдастыру комитетіне өтінімдердің саны рекордтық көрсеткішті көрсетіп отыр. Өтінімдердің саны 200-ді құрайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4 есеге кем болған. «Осы жылы қазақстандық армияның қыз-келіншектері рекордқа жетіп отырғанын айтып өтуге болады. «Батыр арулар - 2016» байқауына қатысу үшін өтінімдер Қазақстанның барлық өңірінен келіп түсуде. Сержанттар мен офицерлер, сарбаздар мен полковниктер - барлығы өзінің Қарулы Күштердегі қызметі, әйел әскери қызметшілер өмірінің ерекшеліктері туралы айтып беруге ерекше құлшыныс білдіріп отыр», - дейді байқау ұйымдастырушылары. Байқауға қатысушылардың бірі подполковник Айсара Жолмағанбетова Қарулы Күштерде 20 жыл қызмет етуде. Ол М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен оның ішіндегі әскери кафедраны қызыл дипломға аяқтап, «лейтенант» атағын алған. Қазірде төрт баланың анасы 25745 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүр. «Менің ойымша, армиядағы әйелдер ерлермен иық тірестіріп, бірдей қызмет атқаруда. Бізге ер әскери қызметшілер сияқты өзіміздің жауынгерлік даярлығымызды дәлелдеуге тура келеді», - дейді ол.
Қазақстандық армияның 12 үздік өкілі осы жылы екінші рет сарапқа түсіп, таңдалатынын естеріңізге сала кетейік. «Батыр арулар» тұңғыш республикалық байқауы өз ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған қыз-келіншектердің үлгі боларлық іс-әрекеттерін паш ететін бірегей сайыстың бірі болмақ.