«Mега Астана» сауда ойын-сауық орталығының екінші қабатында батыр аруларымыз астаналықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Дәстүр бойынша бұл күні әр үйде мерекелік дастархан жайылады. «Батыр арулар» байқауына қатысушылар мерекелік дәстүрді сақтай отырып, сауда ойын-сауық орталығына келушілерге бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдардан дәм ұсынды. Сондай-ақ ҚР Қарулы Күштердің атынан Наурыз мейрамымен құттықтаған естелік хаттарын таратты. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша әскери қызметші қыз-келіншектер арасында «Батыр арулар» байқауы өткізілуде. Оның аясында дауыс беру нәтижесі бойынша ҚР Қарулы Күштердің кәсіби түріне қарай 12 үздік әскери қыз-келіншек анықталады. Жеңімпаздар 2016 жылға арналған «Батыр арулар» арнайы күнтізбесіне шығару үшін кәсіби фотосессияға қатысуға мүмкіндік алады.