«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, байқауға Атырау, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларындағы алты әскери бөлімнен іріктеліп келген 25 сардар қатысты. Олар екі күн бойы мемлекеттік тіл, қызметтік-әскери тактиканы қолдану, жалпы әскери жарғы және басқа пәндер бойынша өз дайындықтарының қандай деңгейде екендігін көрсетті. Мысалы, Макаров тапаншасымен нысана көздеуден 5517-әскери бөлімінен (Орал) аға лейтенант Данияр Тұрсынов озық нәтижесімен дараланса, дене дайындығынан 6655-әскери бөлімінен (Ақтөбе) келген капитан Аслан Нұрғазиев алда болды.
Жиын барысында сардарлармен «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев қатысушылармен кездесіп, сардарлардың қарауындағыларға әрдайым үлгі көрсете білуі керектігін жеткізді.
Байқау қорытындысында 5517-әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальонының командирі, майор Марат Нұрмұратов «Үздік батальон командирі», 5546-әскери бөлімінен (Атырау) келген капитан Жандос Доспанов «Батальонның үздік штаб бастығы», осы бөлімнен аға лейтенант Шерзод Исмаилов «Үздік рота командирі», 5517-әскери бөлімінен аға лейтенант Данияр Тұрсынов «Үздік тәрбиеші», лейтенант Алмат Есжанов «Үздік взвод командирі» атанды.
Жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, алдағы жылы қаңтарда Астанада өтетін байқаудың финалдық кезеңіне жолдама алды.