Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Берік Жалтықбаев айтты.
Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысымен республикалық маңызы бар 786 шақырым жол өтеді. «Бұның 454 шақырымы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы аясында қайта жөнделіп, қайта жасалып, жөндеуден өтеді. Бұған жалпы құны 242,2 миллиард теңге жұмсалмақ. Қазіргі кезде жоба аясында жөнделетін жолдар жеті лотқа бөлінген. Бұның ішіндегі 6 лот бойынша 30-шы маусымда тендерлік конверт ашылып, мердігерлер анықталады. Жолдың барлығы бірінші санатта, яғни бір бағытта екі жолақты болып салынады», дейді Берік Жалтықбаев. Оның айтуынша Ташкент - Шымкент- Жамбыл облысы шекарасы аралығындағы жол конфессиялық, яғни ақылы жол болады. Оның ұзындығы 209 шақырым. Бұған жоба аясында 127,7 миллиард жұмсалмақ.
Берік Жалтықбаевтың айтуынша, жолдардың құрылымы екі түрлі болады. Біріншісі, цемент-бетон жолдардың әр қайсысы 35, 18, 27 сантиметрлі үш қабаттан тұрады. Ал, асфальтті бетонды жолдар 30,20,15,10 және 5 сантиметрлі бес қабаттан құралады. Бұл жоба аясындағы барлық стандарттарға сәйкес келеді.
Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолын жүзеге асыруға 2,1 миллион текше метр цементті-бетон, 5,2 миллион текше метр қиыршық тас, 2,1 миллион текше метр құм, 6,8 миллион текше метр шағыл тас, 1,1 миллион тонна цемент, 76 мың тонна битум, 1,2 миллион тонна асфальтті-бетон жұмсалмақ.