«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі бойында жер телімдері мәселесі шешілмей отыр

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі бойында жер телімдері мәселесі шешілмей отыр. Бүгін осы жобаны бақылап отырған «Нұр Отан» партиясының сарапшылар тобы осы проблеманы көтерді.

Жалпы, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы бойынша Оңтүстік Қазақстанда 847 жер телімі сатып алынуы тиіс болған. Өткен жылдары осы жерлердің 299-ы мемлекет меншігіне өткен. Ағымдағы жылдың соңғы төрт айында тағы 137 жер телімі сатып алынды. Ал 63 телімге қатысты жер құнын анықтайтын акт құжаттары дайындалып отыр. Алайда бар мәселе - жер иелерінің мемлекет қойып отырған жер бағасымен келіспей отырғандығында. Мәселен, 35 жер телімінің қожайыны мемлекет тарапынан бөлінген қаражатпен келіспей, сотқа шағымдануда. 1 млн. теңгеге бағаланған жер телімдері 10-15 млн. теңгеге банк кепілдігіне өтіп кеткен жағдайлар кездеседі. Кәсіпкерлер осы сәтті ұтымды пайдаланып, мемлекетке қажетті жерді еселеп, қымбатқа сатуға дәндеп алған көрінеді. Мәселен, Сайрам ауданының әкімі 86 гектар жерді 360 мың теңгеге алып, мемлекетке 17 млн. 500 мың теңгеге сатып үлгерген. Осының бәрі бүгінде жол құрылысына едәуір кедергі болуда.