Министрдің айтуынша, 2009 жылдан бастап «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәліз жобасы іске асырылып келеді. Бұл ретте Қазақстан Республикасы бойынша дәліздің жалпы ұзақтығы 2787 шақырымды құрап, 2452 шақырым жол қайта жаңартылады. Аталған жобаны іске асыру үшін халықаралық қаржы институттары тартылған болатын. Атап айтқанда, халықаралық Еуропа, Ислам және Азия даму банктері мен Жапон халықаралық агенттігі тарапынан қаржы салынып, 2009 жылдан бастап жалпы сомасы 4 млрд. 673 млн. долларын құрайтын 11 келісім қабылданған.
«Жоба аясында 2011 жылы Ақтөбе облысында 215 шақырым жол пайдалануға берілді. 2012 жылы Жамбыл және Қызылорда облыстарынан 700 шақырымды құрайтын жол қозғалыстары ашылды. Қазіргі уақытта дәліздің 1 мың 854 шақырымында жұмыстар жалғасып жатыр. Оның ішінде ағымдағы жылы 449 шақырымда жөндеу жұмыстары басталды. 2013 жылдың соңына дейін Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында 806 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобаға 35 мыңнан астам жұмысшы тартылып, 4,5 мың техника, 33 асфальт-бетон, 31 цемент-бетон зауыттары жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде», - дейді А. Жұмағалиев. Оның айтуынша, жалпы жол құрылыстарының жұмысын 2015 жылы аяқтау жоспарланып отыр.